ШАЛҚАР АУДАНЫНЫҢ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНЕ ҚОЛДАУ ЖАСАЛДЫ
Жыл сайын білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып, ауданның мерейін асырып жүрген кәсіподақ мүшелеріне шипажайларда демалуға сертификаттар табысталады. Осы орайда көктемгі демалыс кезінде Ақтөбе облысының Шалқар ауданы бойынша 150-ге жуық кәсіподақ мүшесі денсаулықтарын нығайтуға мүмкіндік алды. Қазіргі таңда педагогтер мен кіші қызметкерлер, зертханашылар, тәрбиешілер, кітапханашылар «Шипагер», «Мерке», «Сарыағаш», «Сосновый бор» шипажайларында демалуда. Мұнда кәсіподақ мүшелері дәрігерлердің тағайындауымен әртүрлі емдік процедураларды қабылдап, қаланың көрікті жерлерін аралап, бос уақыттарын тиімді өткізуде. Еліміздегі бірегей орталықтар тыныс алу жолдары, асқорыту мүшелері, жүйке жүйесі, тірек-қимыл, эндокриндік аурулардың алдын алып, емдейді.
Аталған шипажайлар заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Кәсіподақ мүшелері күнделікті түрлі дертке шипа болатын ем-дом қабылдап, табиғат аясында серуендейді. Сондай-ақ, ауданның 40-қа жуық ұстазы киелі Түркістан қаласына саяхатқа барды. Ұстаздар тарихи-мәдени орындарды аралап, танымдарын кеңейтіп, рухани демалып қайтты.
Айта кетейік, білім саласы қызметкерлерінің мүддесін қорғау үнемі кәсіподақ назарында. Бала бағбаны атанған ұстаздардың әлеуметтік мәселелерін шешу күн тәртібінен түспейді. Мұғалім еңбегін бағалап, оларды жан-жақты көтермелеу – негізгі бағыт. Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы әр адамның басты құндылығы - денсаулықты нығайту мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырады.
-
Фото
-