КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНІҢ ДЕМАЛЫСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Білім қызметкерлерінің кәсіподағы педагогтардың мүддесін қорғаумен шектелмейді. Кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын нығайтып, сауықтыру шараларымен қамтуды да естен шығармайды.
Көктемгі каникул кезінде Ақтөбенің Қобда, Ойыл, Әйтеке би ауданының 70-ке жуық кәсіподақ мүшесі «Шипагер», «Юкон», «Сарыағаш», «Мерке-Радон» емдеу-сауықтыру орталығында демалып қайтты. Аталған емдеу-сауықтыру орталықтары шипалы минералды суымен танымал. Мұнда кәсіподақ мүшелері шипалы су ішіп, көп дертке дауа болған балшықпен ем қабылдады. Минералды су негізінен ас қорыту жүйесі, бүйректің созылмалы қабынуларын, буын ауруларын, ағзадағы қант мөлшерін реттеп, ұйқы безін емдеуге негізделген. Шипажайда көпсалалы ем жүргізіледі. Фитотерапия, яғни шөп дәрілер қайнатылып беріледі. Сондай-ақ, парафин-озекерит, электрофорез, амплипульс, УФО, ингаляция, дарсенваль, алмаг 02, теплон, пантамен дайындалатын минералды ванна мен душ, балқарағай мен панта бөшкесі, массаж және тағы басқа ем-дом түрлері жүргізіледі. Ұстаздар денсаулықтарын нығайтып, құнарлы ас ішіп, бос уақыттарында табиғат аясында серуендеп, көктемгі демалыстарын көңілді өткізді.
Аудан педагогтарының бір тобы Түркістан қаласына тарихи-танымдық саяхатқа аттанса, келесі бір легі «Бұхара-Самара-Ташкент» бағыты бойынша үш күндік тарихи-танымдық экскурсиялық саяхатқа шықты. Саяхатқа аттанған мұғалімдер Түркістан қаласының, көрші Өзбекстан елінің көрікті жерлері мен киелі орындарын аралады.
-
Фото
-