ҚҰЛСАРЫДА ҚАЛЫПТЫ ӨМІР БАСТАЛДЫ
Әрине, биылғы кібісе жылында Жылыой ауданының орталығын бұрын-соңды болмаған топан су басты. Табиғат апатынан келген шығын шаш етектен. Бір күнде бар жиған-тергенінен айырылған тұрғындардың жәй күйі ауыр. Сол күндері тасқынға – тосқын бола білген жылыойлықтар бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығарып асқан ұйымшылдық таныта білді. Еліміздің түкпір-түкпірінен оларға қолдау білдірген құрал-жабдық, техника, киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәрмек, төсек-орын, тұрмыстық заттар көптеп келуде. Еріктілердің де жұмысы қауырт.
Бүгінде су басқан Құлсары қалыпты тіршілігіне оралып, жағдай күннен-күнге оңалып келеді. Қуантарлық жәйт! Аудан тұрғындары күнделікті жұмыстарымен шұғылданып, қала көшелерінде көлік қозғалыстары көбейген. Орталықтағы базарда күнделікті жұмыс ырғағына кіріскен. Мектеп формасын киген оқушылар үлкен сумкаларын асынып, жол жиегімен сабаққа қарай асығуда. Жеткіншектерін жетектеген ата-аналардың да қарасы қалың.
3 мамыр күні Құлсары қаласында «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы, ұйымның заңгері Юлия Айбосынова салалық кәсіподақ ұйымдарының көшбасшыларымен кездесті. Кездесуде ұйым жетекшілеріне құқықтық кеңестер беріліп, туындаған көкейкесті мәселелерді оңтайлы шешудің жолдары түсіндірілді.
Төраға Қ. Сүндетұлы республикалық салалық кәсіподақтың төрағасы Айгүл Мұқашеваның арнайы сәлемдемесін жеткізіп, облыстық және аудандық ұйымдар тарапынан қаржылай көмек ұйымдастырылғанын және кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік жағынан қолдау мақсатында республиканың емдеу-сауықтыру орындарына тиісінше жеңілдікпен жолдамалар бөлінгенін мәлімдеді.
Осы бас қосуда № 7 С.Халықов атындағы жалпы білім беретін мектеп бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, қоғам белсендісі Жанаргүл Шарғабаеваға Атырау облысының әкімі Серік Шапкеновтың Алғыс хаты табысталды.
Сол күні Атырау облысы Білім беру басқарма басшысы м.а. Светлана Аманшиева және кәсіподақ жетекшілері Қылышбай Сүндетұлы, Гүлайым Төребековалар қалыпты жағыдайға енген аудан орталығындағы бірнеше мектептерді аралап, білім беру мекемелеріндегі ұстаздар мен қызметшілермен кездесті. Ауданның білім беру мекемелерінде жағыдай күн санап түзеліп келеді. Лайым да солай болғай!
«...Күн шығып тұр Атырау аспанында, Қарттарың да қасыңда, жастарың да. Қазақ елі қамқорлық танытқан соң, Қиыншылық өтеді қас-қағымда! –деп, жылыойлық ақын Болат Дәулетов жырлағандай бұл күндердің де тарих қойнауына кетері сөссіз.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ баспасөз қызметі
-
Фото
-