АҚТӨБЕДЕ АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ
Бүгін Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы Атқару комитетінің кеңейтілген кезекті отырысын өткізді.
Жиынға "Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова, атқару комитетінің мүшелері, аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары қатысты.
Күн тәртібінде Әйтеке би, Ойыл аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымдарының еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау жөніндегі заңнаманы қадағалауға, білім саласы қызметкерлері үшін заманауи қауіпсіз және қолайлы еңбек жағдайларын жасау мәселесі талқыланды.
«Кәсіподақ ұйымдары әрдайым кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауға тиісті көмек көрсетуге дайын. Әлеуметтік әріптестік салалық келісімдер, ұжымдық шарттарды басшылыққа ала отырып, білім бөлімдері мен кәсіподақ ұйымдарының бірлескен іс-әрекеттері білім саласында жұмыс жасайтын қызметкерлердің мәртебесін арттыруға, олардың қалыпты еңбек жағдайын жасауға бағытталған. Келісім аясында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, бүгінгі таңда аса маңызды болып табылатын педагогтердің әлеуметтік-экономикалық және еңбек мәселесін шешу, олардың әлеуметтік мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстар әлі де жалғасады», - дейді кәсіподақ төрағалары.
Одан кейін кәсіподақ жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау, ақпараттық-насихаттау жұмыстары жөнінде сөз болды. Даусыз, қазір әлем әлеуметтік желіге көшті. Кез-келген адам, мемлекеттік мекеменің әлеуметтік желіде арнайы парақшасы бар. Сол арқылы белгілі бір ұйымның атқарып отырған жүмысына баға беруге болады. Сондықтан замана көшінен қалмай, кәсіподақ қызметін БАҚ, сайт, инстаграм, телеграм, фейсбук парақшаларында ұдайы жариялап отырған маңызды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Ойыл, Ырғыз және Қобда аудандары кәсіподақ жетекшілерінің баяндамаларында айтылды.
Аталған мәселелер бойынша аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымдарының төрағалары Зейнел Бекетов, Гүлмира Избағамбетова, Қасымхан Әбенов, Қуанышкерей Ибраевтың баяндамалары тыңдалды.
Күн тәртібіндегі келесі сұрақ - кәсіптік және техникалық білім беру бастауыш ұйымдарында мүшелік кәсіподақ жарналарын төлеу, бөлу және жұмсау тәртібінің орындалу жағдайы туралы облыстық ұйымның бас есепшісі Алтын Базарғалиева баяндады.
Атқару комитетінің отырысында басқа да бірқатар мәселелер қаралды.
Басқосу соңында облыстық ұйым төрағасы Раушан Серікова кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды бәсеңдетуге жол берілмейтінін айтып, әрдайым өзекті саналатын еңбек қауіпсіздігін сақтау, ұжымдық шарттарда көрсетілген әлеуметтік міндеттердің орындалуына бақылау жүргізу сұрақтарын назарда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар ұйым төрағасы аудандық кәсіподақ төрағаларына сын-ескертпелер айтып, бірқатар міндеттерді жүктеді.
Атқару комитетінің отырысында қаралған осы және өзге де сұрақтар бойынша тиісті Қаулы қабылданды.
-
Фото
-