КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ САЯХАТҚА ШЫҚТЫ
Ақтөбе облысының Байғанин аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының қолдауымен білім саласының үздік қызметкерлері Маңғыстау өңіріне саяхатқа шықты.
Маңғыстау жері – бұл ежелгі өркениет елі, археологиялық қорық, ашық аспан астындағы мұражай, мыңдаған тасқа салынған сурет-дастандардың елі. Ерекше діни ғимараттар мен Бекет Ата, Шақпақ Ата, Шопан Ата, Масат Ата мешіттерінің өлкесі, оларға тек Қазақстаннан ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен де барушылар де аз емес.
Тарихи-танымдық саяхат барысында білім қызметкерлері Бекет атаның Оғланды тауындағы, Бейнеудегі және Жем өзенінің жағалауындағы үш жер асты мешіті, Каспий жағалауындағы Темір баба тарихи кешені, Бозжыра шатқалы, Отпантаудағы Адай ата тарихи мұражайын аралады. Бір аптаға созылған саяхат барысында Маңғыстау өңірінде ескерткіштер тарихымен танысып, әулие рухына құран бағыштады. Тарихи-танымдық сапар барысында түрлі аңыз-әңгімелер естіп, тарих тағлымына таңданыстарын жасырмады.
Сапардың басты мақсаты – тарихи-мәдени мұраларға саяхат жасау, орта ғасырлық қалалар, музейлер, сондай-ақ археологиялық ескерткіштердің тарихымен танысу болатын.
Байғанин аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының қолға алған осындай шарасы еліміздің басқа да тарихи-мәдени және киелі орындарында жалғасын табатын болады.
-
Фото
-