ҚҰҚЫҚТЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ
Ақтөбенің Мұғалжар аудандық бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен еңбек инспекторларына арналған “Кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғау жұмысының тиімділігін арттыру” тақырыбында семинар өтті.
Семинар жұмысына Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы Александр Алимпиев пен еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі маман Нұрлан Жетпісбай қатысып, еңбек заңнамасының қолдану ерекшеліктері, кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңестер берді. Сонымен қатар кәсіподақ заңгерлері еңбек қатынастарына байланысты туындаған сұрақтарға жауап берді.
Басқосуда Ақтөбе облыстық білім басқармасы және білім кәсіподағы арасында 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімнің орындалуы, маңызды құжатта көрсетілгендей, педагогтерге әлеуметтік кепілдіктердің берілуі сынды мәселелер сөз болды. Әлеуметтік әріптестік аясында бірлесіп жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы аудандық кәсіподақ төрағасы Жұмагүл Жұмабаева баяндады. Аудандық білім бөлімінің бас маманы Қасымжомарт Мырзағали Ақтөбе облыстық білім басқармасы және білім кәсіподағы арасында 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы келісімге байланысты өз пікірін ортаға салды.
Семинар соныңда бастауыш кәсіподақ ұйымдарының белсенді төрағаларына және еңбек инспекторларына облыстық ұйымының Құрмет грамотасы мен бағалы сыйлықтары табысталды.
Семинардан кейін облыстық кәсіподақ заңгерлері Қандыағаш қалалық №1 жалпы білім беретін орта мектебіне, №5 жалпы білім беретін орта мектебіне және «Қарлығаш» бөбекжай-бақшаласына барып, еңбек қауіпсіздігі мен еңбек заңдылығының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізді.
Бақылау барысында мамандар еңбек шарты мен ұжымдық шартта көрсетілген міндеттемелердің орындалуына баса назар аударды. Жауапты мамандар ұжымдық шарт, ішкі еңбек тәртібі мен өзге де құжаттарды көрсетіп, оларды жүргізу бойынша әдістемелік көмек алды.
-
Фото
-