КӘСІПОДАҚ КӨМЕК КӨРСЕТТІ
Ақтөбеге жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған делегация Қобда ауданының және Ойыл ауданының су тасқынан зардап шеккен кәсіподақ мүшелерімен кездесті.
«Біз жұмыс сапары барысында кәсіподақ жетекшілерімен кездесіп, әрі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың жағдайын көріп, жеке тілдесуге, әрі оларға қолдау көрсетуге келдік. Кәсіподақ ұйымы мүшелері, әсіресе орта мектептердің мұғалімдері мен кіші қызметкерлері, коммуналды шаруашылық, ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері күні-түні дамылсыз қолдау көрсетті. Біз әрқайсысыңыздың жүріп өткен жолыңызды өнеге етеміз», - деді С.Дәулеталин.
Сөз соңында федерация төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Федерация мен оған мүше ұйымдардың басты құндылығы кәсіподақ бірлігі мен ынтымағы екенін ерекше атап өтті.
Қобда көпсалалы колледжінде өткен кездесуде кәсіподақ мүшелеріне 100 мың тенгелік сертификат табысталды. Кәсіподақ мүшелері сертификатқа сәйкес сауда үйінен қажетті техника бұйымдарын алуға мүмкіндік алды.
Кездесуге қатысқан білім саласының қызметкерлері кәсіподақ өкілдеріне ризашылығын білдірді.
Еске сала кетейік, жуырда “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің өкілдері кәсіподақ мүшелеріне көмек көрсету мақсатында облыстық ұйымның табиғи апаттан зардап шеккен 500-ге жуық кәсіподақ мүшесімен кездескен болатын. Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім салалық кәсіподағының ұсынысы бойынша кәсіподақ мүшелеріне облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы ақшалай көмек көрсетті.
Қобда ауданына жұмыс сапары барысында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының өкілдері Қобда көпсалалы колледжінің және “Шұғыла” балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына әдістемелік көмек көрсетті. Сондай-ақ, аталған мекемелердің басшыларымен жолығып, әлеуметтік әріптестік туралы келісімде көрсетілген міндеттемелерді талқылады.
-
Фото
-