БІЛІМ ОРДАСЫНА - 50 ЖЫЛ!
Бүгін “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің өкілдері №7 арнайы (түзету) мектебінің елу жылдық мерейтойына қатысты.
Айтулы шара ардагерлер мен ұстаздардың, білім саласы өкілдерінің қатысуымен өтті.
Жүздесудің бірінші бөлімі меймандарды құрметпен қарсы алумен басталды. Білім ғимаратында аға буын ардагерлер мен ұстаздар сағыныса қауышып, өткен жылдардың естеліктерін ортаға салды.
Мерекелік шара барысында білім мекемесінің тарихы мен ұстаздардың өткен өмірінің естеліктерінен сыр шерткен бейнеролик көрермен назарына ұсынылды.
Мерейтойдың салтанатты бөлімінде мектеп басшысы Дина Трумова құттықтау сөз сөйлеп, жиналғандарды мерейтоймен құттықтады.
Мерейтой барысында бірқатар кәсіподақ мүшелеріне құрмет көрсетілді. “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің маманы Айжарық Серімбетов кәсіподақ көшбасшысы Раушан Серікованың құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар №7 арнайы (түзету) мектебінің бас есепшісі Амилия Қожабаева мен орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дина Қуанғалиева «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және мектеп директоры Дина Трумова “Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін” төсбелгісімен марапатталды. Одан бөлек облыстық кәсіподақ есебінен мектептің 5 кәсіподақ мүшесіне шипажайға жолдама сертификаты табысталды.
Мерекелік шараға қатысқан меймандар ізгі тілектерін білдіріп, ұстаздарды еңбектеріне жеміс тіледі.
Мерекелік шара одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты.
-
Фото
-