ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНЫҢ САҚТАЛУЫН БАҚЫЛАУ – БАСТЫ МІНДЕТ
Батыс Қазақстан облыстық оқу – ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағы мамыр айында Теректі, Бәйтерек, Ақжайық, Қаратөбе аудандық кәсіподақ комитеті – Филиалдарының мүшелік ұйымдарына еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына қоғамдық бақылау жұмыстарыy жүргізді.
Облыстық ұйымның төрағасы Марат Даупаев, бас маман Марина Темірғалиева, заңгер Гүлжанат Құрманғазиева кәсіподақтың әр аудандық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен, аудандық білім бөлімдерінің басшылары және жұмыс берушілермен кездесіп, әлеуметтік әріптестік аясында келісімдерде келісілген өтемақылар мен кепілдемелердің орындалуын талқылады. Сонымен қатар, ұжымдағы тұрақтылықты қалыптастыру, кәсіподақ мүшелігін нығайту жұмыстары басты назарға алынды.
Қоғамдық бақылауды жүргізу нұсқаулығының Жалпы Ережелеріне сәйкес білім беру ұйымдарындағы Еңбек заңнамасының қадағалануына, кәсіподақ органдары қызметкерлерінің ұжымдық шарттары мен келісімдердің орындалуына тексеру жүргізіліп, мына мәселелер анықталды:
• Білім беру ұйымдарының ішкі еңбек тәртіптемесі, еңбеккерлермен жасалған жеке еңбек шарттары қолданыстағы Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің талаптары мен нормативтік құқықтық актілерге сәйкес рәсімделмеген.
• Еңбеккерлердің жұмыс уақытының режимі мен демалыс уақыттары, штат кестесі бойынша бекітілген лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес еңбек шарттары жасалмаған.
• Әлеуметтік әріптестік туралы келісімдегі өзгерістер Ұжымдық шарттарға енгізілмеген.
Білім беру ұйымдарындағы құрылған еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі Өндірістік кеңес отырысында қабылданатын және төрағасы бекітетін жұмыс жоспарларына сәйкес өндірістік кеңестің шешімдері, жұмыс орынында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша кіріспе және алғашқы нұсқама беруді тіркеу журналының толтырылуы мен рәсімделуі қаралды.
Сонымен қатар, білім беру ұйымында жеке еңбек дауларын қарайтын келісім комиссиясының құрамы мекеме басшысының актісімен бекітіліп, ұжымға таныстырылуы туралы айтылды. Іс-қағаз жүргізушілерге құжаттарды дұрыс рәсімдеу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмектер көрсетілді.
«Қазақстандық оқу – ағарту, ғылым және жоғары
білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының
Батыс Қазақстан облыстық ұйымы» ҚБ
-
Фото
-