ҮЗДІК ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Бүгін Жамбыл облысында 2023-2024 оқу жылының аяқталуына орай педагогтарды ҚР Оқу-ағарту министрінің атынан ведомстволық наградасымен марапаттау рәсімі өтті. «Кәсіподақ үйінің» мәжіліс залында өткен салтанатты жиынға үздік педагогтар, салалық кәсіподақ өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Үздік педагогтарды ұлықтауға арналған жиында алғашқы құттықтау сөз Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұловқа берілді. Облыстың білім саласының өркендеуіне педагогтардың қосып жатқан қомақты үлестері туралы айтқан басқарма басшысынан кейін сала қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауда мақсатты жұмыс жүргізіп отырған қоғамдық ұйым - Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков құттықтау сөз айтып, әрқашан ұстаздарға қолдау мен демеу сарқылмайтынын жеткізді.
Бұдан кейін Тараз қаласы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, республикалық «Үздік педагог - 2019» байқауының жеңімпазы, «Әлем педагогі - 2020» байқауының номинанты, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағының иегері Айгүл Қалмаханова мен республикалық «Үздік педагог - 2022» байқауының жеңімпазы, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының математика пәнінің мұғалімі Нұрлан Давлетбаев құттықтау сөз айтып, әрдайым көрсетіліп отырған қолдауға алғыстарын білдірді.
Әріптестердің ыстық лебізінен кейін облыстың білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіруге қосқан елеулі жеке үлесі және жас жеткіншектерді оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен 24 білім қызметкері марапатталды. Олардың арасында Тараз қаласы мен аудандарда орналасқан мектептердің ұстаздары, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының ұстаздары, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің жетекшілері мен орта кәсіптік білім беру мекемелерінің оқытушылары бар.
Салтанатты іс-шара соңында үздік педагогтер естелік суретке түсіп, мәз-мейрам болып тарқасты.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-