ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ
Әбілғазиева Сәруа Қабдолқызы – саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнап келе жатқан ұлағатты ұстаз. Ол отыз бес жылдан астам уақыттан бері мектеп оқушыларына физика пәнінен сабақ беріп, әрі тәрбие жұмыстарымен айналысып, талай түлектерді ересек өмірдің қиясына самғатқан жан. Шәкірттері еліміздің әр қиырында түрлі мамандықтың тұтқасын ұстап, еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына өзіндік үлестерін қосып жүр.
Сәруа Қабдолқызы – өз ісіне шын берілген ұстаз. Ол әрбір сабағына тыңғылықты даярланып, күнделікті тақырыпты оқушыларына жете ұғындырумен қатар, қосымша материалдар арқылы балаларға кәсіби бағыт беруге күш салады. Әсіресе физикалық білімнің өмірлік практикамен байланысына назар аударып, оқушылардың ғылыми-техникалық ізденістеріне бағыт беріп отырады. Қазіргі замандағы ғылым мен техниканың дамуындағы жаратылыстану ғылымдарының, оның ішінде физиканың ерекше орын алатынын шәкірттеріне ұғындыра отырып, инженер-техникалық мамандыққа баулу – мұғалімнің басты мақсатының бірі. Сондықтан да көптеген оқушылары ҰБТ тапсыруда физика пәнін таңдап, жақсы нәтижелерге жетіп жүр.
Осындай тыңғылықты да сапалы жұмыстарының нәтижесінде оның оқушылары пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында жүлделі орындар иеленіп келеді.
Сәруа Қабдолқызы бүгінде «Жаңа педтехнология элементтерін пайдалану мен сабақты түрлендіру арқылы оқушылардың физикаға қызығушылығын арттыру» тақырыбында ізденіс жұмыстарын жүргізуде. Физика сабағында жаңа технологияларды қолдану жолдары туралы бірнеше рет ашық сабақтар өткізіп, қалалық семинарларда баяндамалар жасады. 2009-2012 жылдары мектеп психологы ретінде қалалық және облыстық шараларда мұғалімдер мен оқушылар арасында бірнеше рет психологиялық тренингтер ұйымдастырды. 2020 жылы облыстық семинарда психологиядан өткізген «Менің ғажайып әлемім» атты ашық сабағы жоғары бағаланды.
С.Қ.Әбілғазиева 2006 жылы қалалық физика мұғалімдерінің олимпиадасында ІІІ орын, қалалық пәндік кабинеттер байқауында ІІ орын алған. Алматы қаласында «12 жылдық білім беруге көшу жағдайында білім ұйымдары басшыларының кәсіби құзырлылығын дамыту» республикалық семинары аясында «Білім ұйымдары басшыларының кәсіби құзырлылығын қалыптастырудағы инновациялық амалдар» атты мазмұнды көрме ұйымдастырғаны үшін ҚР БжҒМ ББЖ КБАРИ Құрмет Грамотасымен марапатталды. Ол бірнеше жылдан бері «Өрлеу» БАҰ Маңғыстау облыстық филиалының тренері болып, жыл сайын физика пәнінің мұғалімдері үшін біліктілік арттыру курстарын ұйымдастырып келеді.
С.Қ.Әбілғазиева еңбектегі жетістіктері үшін ҚР БжҒМ ББЖ КБАРИ, Маңғыстау облыстық білім басқармасының, Ақтау қалалық білім бөлімінің Құрмет Грамоталарымен, Ақтау қаласы әкімінің, Х Халықаралық Олимпиада Ұйымдастыру комитетінің (Анталия), «Өрлеу» БАҰ МФ директорының, М.Дулати атындағы ТарМУ ректорының Алғыс хаттарымен марапатталған. «Құрмет белгісі» төсбелгісінің (2019), «Ақтау қаласына 55 жыл» мерекелік медалінің иегері (2018).
С.Қ.Әбілғазиева биыл зейнеткерлік жасына шыққалы отыр. Асыл жар, аяулы ана, ардақты әже, ұлағатты ұстаз Сәруа Қабдолқызын құрметті демалысқа шығуымен құттықтап, отбасының амандығын, балаларының бақыты мен ұстаздық бейнетінің зейнетін тілейміз. Деніңіз сау болып, абырой биігінен көріне беріңіз!
Ж.Мәдиева,
Ақтау қ.,Тұтқабай Әшімбаев атындағы №11 мектеп-лицейдің
информатика пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші.