КҮН ТӘРТІБІНДЕ – ЕҢБЕК ДАУЛАРЫН ШЕШУ ТӘРТІБІ
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі маманы Нұрлан Жетпісбай А.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде ауданның білім беру ұйымдарының келісім комиссиясының мүшелері үшін «Еңбек даулары, олардың туындау себептері. Келісу комиссиясында еңбек дауларын шешу тәртібі» тақырыбында семинар өткізді.
Аталмыш семинар «Кәсiптiк одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 17 бабының 5 тармағына сәйкес, кәсiподақ мүшелері арасында олардың құқықтық, оның ішінде еңбек заңнамасының негіздері, сондай-ақ ұжымдық шарт, келісу комиссиясының жұмысы туралы келісім ережелері бойынша сауаттылығын арттыру және білім беру саласы қызметкерлерінің күнделікті қызметіне қатысты нормативтік-құқықтық актілерді түсіндіруге бағытталды.
Айта кетейік, жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясы тұрақты қызмет атқаратын орган болып табылады және кәсіподақ комитеті мен ұйым әкімшілігі өкілдерінің бірдей санынан жасалады. Жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясы үш жылға дейінгі мерзімге, яғни ұжымдық шарттың немесе әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің әрекет ету мерзіміне құрылады.
Іссапар барысында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі маманы Нұрлан Жетпісбай қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтары, еңбек дауларының себептері, ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуал туғызудағы және кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын нығайтудағы кәсіподақ ұйымдарының рөлін қорғау туралы жан-жақты тоқталды. Кәсіподақ заңгері еңбек дауларының туындау себептеріне қатысты нақты түсінік беріп, келісім комиссиясы туралы ережеге баса назар аударды. Сондай-ақ, семинарда Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі, келісу комиссиясының жұмыс принциптері және өкілеттіктері, келіссөздер жүргізу дағдылары, еңбек дауларын жанжалсыз шеше білу сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
Семинар жұмысына Кесісу комиссияларының 200-ге жуық мүшесі, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты. Тыңдаушылар семинардың практикалық пайдасын атап өтіп, ол заңнамалық арнада еңбек дауларын шешуге және қызметкерлердің құқықтарын қорғауға көмектесетінін жеткізді.
Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
-
Фото
-