КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
«Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен «Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі арасында 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы КЕЛІСІМГЕ қол қойылды. Барлық білім беру ұйымдарында әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін құқықтық актіге жұмыс беруші-жергілікті мемлекеттік орган ретінде бір тараптан білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов, екінші тараптан жергілікті салалық кәсіподақтың Ерұлан Мағзымбеков қол қойды.
Тараптар Келісімге қол қоя отырып осыған дейін қолданыста болған Келісімнің өз міндетін толық орындап шыққанын, яғни, ұжымдық дау-дамайлардың алдын алу, білім беру ұйымдарын қайта құру, оңтайландыру барысында қысқартуға ұшыраған қызметкерлерге өтемақы төлеу, өзге жұмысқа ауыстыру, бірқатар санаттағы қызметкерлерге заңмен көзделгеннен артық әрі оңтайлы жағдай жасау, заңмен реттелмеген олқы тұстардың орнын толтыру, еңбек қатынастары барысында туындаған түйіткілдерді шешуге септік болғанын ерекше атап өтті.
Мерзімі өткен облыстық Келісім мен ұжымдық шарттарда қол жеткен кепілдіктер мен жеңілдіктерді кәсіподақ мүшесі болып табылатын мыңдаған білім саласы қызметкерлері сезінген болса, жаңа қабылданған Келісім мазмұнында мұнан да жоғары артықшылықтар, кепілдіктер мен қосымша мүмкіндіктер бар екендігін атап өту ләзім. Тараптар 13 тарау, 14 қосымшадан тұратын Келісім жобасын қабылдамас бұрын комиссияның 8 отырысын өткізіп, құжат мазмұнын егжей-тегжейлі қарап, талқы таразысынан өткізген.
Құжаттың негізгі мазмұны Еңбек кодексінен бастап барлық заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес кәсіподақ мүшесі болып табылатын сала қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауға, оларға қосымша әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және кәсіби кепілдіктер, жеңілдіктер мен артықшылықтар, оңтайлы еңбек жағдайларын жасауды көздейді.
Барша білім саласы қызметкерлері үшін құтты құжат саналатын Келісім ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігiнде тіркеуден өткен соң, 2024-2025 оқу жылының басында барлық білім мекемелері мен ұйымдарында Келісімнің мазмұнымен, артықшылықтарымен таныстыру, түсіндіру мақсатындағы кездесулер, оқу семинарлары өтетін болады.
Облыстық білім басқармасына бағынысты барлық білім мекемелеріне таралатын ұжымдық шарттардың негізін қалайтын облыстық Келісімнің қабылдануымен Жергілікті кәсіподақтың филиал мәртебесіндегі ұйымдарда Ұжымдық шарттарға қол қойды. Облыстық Келісімде көрініс тапқан кепілдіктер, жеңілдіктер мен әлеуметтік нормалар ең шекті немесе төменгі норма болып табылады.
Сондықтан да, Тараз қаласы мен бірқатар аудандарда қабылданған ұжымдық шарттардың мазмұнында Келісімде көрсетілгеннен де жоғары міндеттер мен кепілдіктер орын алуы көзделген. Кәсіподақ мүшелеріне бір мезетте бірнеше Келісімдердің күші таратылатын жағдайда қызметкерлерге мейлінше қолайлы әрі оңтайлы шарттар көзделген құжаттың талаптары қолданылады.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы
-
Фото
-