БІЗ ӘСЕЛМЕН МАҚТАНАМЫЗ !
Ағымдағы жылдың 26 маусым күні Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіптік одағының кезекті XV съезі өтеді. Съезге Атырау облысы, Индер ауданы М.Әуезов атындағы орта мектептің орыс тілі пәні мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бердіғалиева Әсел Салауатқызы да делегат болып қатысады.
Әсел Салауатқызы Бердіғалиева, 1980 жылы 1 мамырда Атырау облысы, Индер ауданы, Индербор поселкесінде дүниеге келген. 1998 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 2002 жылы орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2002 жылы Индербор кентіндегі М. Әуезов атындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен дәріс береді. Осы уақыт аралығында Әсел Салауатқызы мектепте белсенді жұмыс істейді, өзін жан-жақты дамытуға ұмтылы көрінді, «оқушыдан» және «оқушыға» іздену, өзіндік әдістемелік өңдеулер жасау, ғылымда және тәжірибеде белгілі ең үздік әдістердің үлгілерін қолдануға ұмтылысы, стандартты емес педагогикалық міндеттердің күнделіктеті ағымдағы шешімі, оқушыны дамытуда ескеруге талаптанады, басқа мұғалімдерге тәжірибесін таратады.
А.С. Бердіғалиева қазақ, орыс тілдерін жетік біледі, компьютермен жұмыс істеуде тәжірибесі мол. Ол оқушылар мен әріптестерінің арасында беделді. 2009 жылы мектеп ұжымы оны кәсіподақ комитетінің төрағасы етіп сайланды. Ұйымдастырушылық қабілеті бар, қиын жағдайда өз бетінше дұрыс шешім қабылдай алады.
Ұстаздық еңбек жолында бірнеше сертификат, марапаттарға ие. Олардың ішінде, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының, республикалық және облыстық салалық кәсіподақ комитеттерінің төсбелгілерімен, бірнеше рет Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сондай-ақ, Атырау облысы Білім беру басқармасының Құрмет грамотасына, облыстық Әдістемелік орталығының Алғыс хаттарына ие болды.
Әріптесі, ардагер ұстаз Өтегенова Нұргүл Кәрімқызының пікірі:
– Әсел Салауатқызы, М.Әуезов атындағы орта мектептің кәсіподақ ұйымында төраға міндетін ұзақ жылдар бойы атқарады. Әр педагог өзінің лауазымдық қызметінен тыс тапсырылған қоғамдық жұмыстан бас тартпай, сенімнен шыға білуге міндетті. Сондай сұранысы мол, ұтымды істерді талап ететін, өз алдына жүгі ауыр саланың бірі – кәсіподақ ұйымы. Өйткені мұнда адам факторы бірінші кезекте тұрады. Қаржы мәселесі де тікелей рөл атқарады. Үлкен ұжымды топтастырып, олардың түрлі жағдаяттарын ортаға салып, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай асқан шеберлікпен шешу нағыз майталман маманның қолынан келеді деуге толық негіз бар.
Әр кезеңде қызметкерлерге әрқалай әлеуметтік көмек көрсету, демалыс-сауықтыру мәселесі бойынша ұтымды мүмкіндіктер қарастыру, еңбек дәрежесіне қарай марапаттарға ұсыну, мерейлі жасқа толуға байланысты құрмет көрсету, зейнеткерлік демалысқа шығарып салу, түрлі арыз-шағымдардың шешімін табу сынды алуан мәселелерді сауатты, тура, заң аясында атқару осы Әсел Салауатқызы басшылық еткен тұста айқын көрініс тапты. Әр істі басшы ретінде адамгершілік тұрғыда жоғары түсінік-таныммен қабылдап, ірілі-ұсақты жағдаяттарды толыққанды саралауға, жеке қызметкерлердің жан-дүниесін, мұң-мұқтажын қанағаттанарлық дәрежеде шешуге лайық білікті педагог. Сондықтан үлкен ұжымды біртұтас ұйым етіп ауызбіршілікте, ынтымақта ұстауға осындай басшының ықпалы керек-ақ».
Мектептегі әріптесі «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісінің иегері, тарих пән мұғалімі Аймұратова Нұржамал Сапарқызының пікірі:
– Әсел Салауатқызы, орыс тілі пәнінің зерттеуші мұғалімі білімді, педагогикалық ізденісі мол, шығармашыл ұстаз. Әріптесіміздің жоғары кәсібилігі, оның талапшылдығы мен табандылығы, қойылған мақсаттарға қол жеткізу қабілеті әрқашан жас педагогтарға үлгі. Облыстың әр түрлі семинарлары мен шеберлік сағаттарына қатысудағы жетістіктерін атап өтуге болады. Беделді, адамгершілігі мол, жоғары еңбек қабілетімен ерекшеленіп, ұжымның қалауымен мектептің кәсіподақ ұйымының төрағасы болып өз қызметін атқарып келеді. Міндетіне адал, жауапкершілігі мол, кәсіподақ ұйымына мүше жұмыскерлердің құқығын заң аясында қорғау, әлеуметтік жағдайын жақсарту, еңбек дауларының алдын алу, тағы басқа осы секілді қызметтерді талапқа сай атқарып келеді.
Ә.С. Бердіғалиеваның Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіптік одағының кезекті XV съезіне делегат болып сайланғаны біз үшін үлкен мақтаныш. Біз Әселмен мақтанамыз!».
Қ.Ахметова, әріптесі.
Индер ауданы, Атырау облысы.