СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ АЗАМАТ
Кәсіподақтың күші - оның бірлігінде, бастауыш ұйымдардың мықтылығында. Ал, бастауыштардың бәсекеге қабілеттілігі мекемедегі әлеуметтік әріптестіктің пәрмені, ұжымда ауызбіршіліктің болуы мен одақ мүшелерінің білімі мен біліктілігіне байланысты. Осы тұста, бақытын ұстаздықтан тапқан, ұрпақ тәрбиесі арқылы ұлт тәрбиесіне үлес қосып келе жатқан еңбекқор, ізденімпаз, шығармашыл ұстаздардың бірі, физика, математика пәнінің мұғалімі Руслан Қабдолов жөнінде сөз қозғағанды жөн көрдік.
Ол 1991 жылы 16 наурызда Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы ауылында дүниеге келген. Б.Аманшин атындағы орта мектепті 2009 жылы аяқтап, 2009-2013 жылдар аралығында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің физика, математика мамандығын тәмамдайды. Ал, 2014 жылы №1 мектеп-гимназиясына (Қазіргі Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясы) физика, математика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды. Сол жылдары үздік еңбек ете жүріп, 2019 жылы Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметіне сайланады.
– Өмірде қателесуге болмайтын екі таңдаудың бірі – мамандық таңдау. Сапалы білім беріп қана қоймай, саналы тәрбие беруді мақсұт етсе, ұстаздың шәкірттері де еліміздің дамуына елеулі үлес қосатыны сөзсіз. Өйткені, ұстаз еңбегінің жемісі – шәкірттерінің жеңісі. Әлбетте, кәсіподаққа мүше еңбеккерлердің сенімін ақтау – басты міндетіміз. Осы бағытта аянбай еңбек етіп жатқан жайымыз бар. Біздің жұмысымызды бағалау үшін соңғы бір-екі жыл емес, тұтас отыз жылды алып қарау керек. Негізінде, кәсіподақтар шешуі тиіс еңбек қатынастарына байланысты негізгі түйткілді мәселелер сол бастауыштарда шоғырланған. Сондықтан да, еңбеккерлердің жай-күйі, әлеуметтік ахуалы, еңбек қатынастарындағы мәселелер кәсіподақтардың күн тәртібінен түспейді, – дейді кейіпкеріміз Руслан Қабдолов.
Жалпы, бастауыш кәсіподақ ұйымының негізгі қызметі – ұжымдық шарттар арқылы сала қызметкерлеріне жалақы есептеудегі заңдылықты қамтамасыз ету, жұмыс уақыты мен демалыс уақытын ұйымдастыру сұрақтарын оңтайлы шешу, еңбекті қорғау мен қауіпсіздік шараларын нығайту, еңбек қатынастарында заңмен реттелмеген олқылықтардың орнын толтыру, кәсіподақ органдары қызметінің кепілдіктерін сақтау сынды бірқатар әлеуметтік маңызды мәселелердің шешімін табу. Сонымен қатар, ұжымдық шарттар арқылы жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі пәрменді келісу комиссияларын құру, жұмыс берушінің кейбір актілерін қабылдауда кәсіподақ органдарының келісімін немесе дәлелді пікірін алу тәртібі, сала қызметкерлерінің декреттелген топ өкілдерін дәрігерлік тексеруден тегін өткізу, ауылды жерде тұрып, еңбек ететін педагог мамандарға отын үшін берілетін өтемақы төлеу мәселесінің түбегейлі шешімін тапқандығы да – осы ұжымдық-шарттық жұмыстардың жемісі.
Руслан Қабдолов 2024 жылы 12 қаңтарында өткен «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің кезекті ХХХ конференциясында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіптік одағының кезекті XV съезіне делегат болып сайланды.
Қазіргі таңда, бастауыш ұйымның комитетінде 7 адам бар, олар мәдени-бұқаралық, спорттық-сауықтыру, ұйымдастырушылық, тұрмыстық, еңбекші әйелдер, отбасы, ата-ана мен баланы қорғау бағыттарында жұмыс атқарады. Еңбек қатынастарына қатысты мәселелер жұмыс берушінің қатысуымен кәсіподақ комитетінің отырыстарында қаралады.
Қорыта айтқанда, «Жас келсе, іске» демекші, бастауыш кәсіподақ ұйымдары қызметін жандандыру, кәсіподақ ұйымының жұмысына қызығушылықты арттыру және мәртебесін көтеру мақсатында қызмет етіп жатқан Руслан Қабдоловтың еңбегі орасан зор демекпіз.
Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ баспасөз қызметі