ХАЛЫҚ ҚЫЗМЕТШІСІНЕ АЙНАЛҒАН КӘСІПОДАҚ
Ағымдағы жылдың 26 маусым күні Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіптік одағының кезекті XV съезі өтеді. Съезге делегат болып қатысатын Атырау облысы, Жылыой ауданы, Жаңа Қаратон кенті № 22 жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Шынар Қалиеваның «Халық қызметшісіне айналған кәсіподақ» атты мақаласын ұсынамыз.
Кәсіподақ – жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін, еңбек жағдайлары мен әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсарту мақсатында ұйымдасқан ұйым. Бүгінде №22 Жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымы қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жолында облыстық ұйымның жарғысына, ережелерге және жұмыс жоспарына сәйкес қызмет етіп келеді.
Кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу, жұмыс беруші мен жұмыскердің арасында келіссөздер жүргізу, еңбек даулары туындаған жағдайда оларды дер кезінде шешуге жәрдемдесу мақсатында ұжымдық шарттар жасалып, жұмыс барысы жүйеленген. Бүгінгі күні білім ордасында 122 қызметкер қызмет етеді. Олардың 92-сі мұғалім мен зертханашы болса, 30-ы техникалық қызметкер. Сондай-ақ 11 зейнеткер ұстазымыз келісім шарт негізінде қызметін жалғастыруда. Кәсіподақ ұйымы үшін әр қызметкердің құқығы, саулығы маңызды. Осы тұрғыда ұйымнан құқықтық, материалдық көмек сұрайтын қызметкерлерге әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз.
⠀
Бастауыш кәсіподақ ұйымының жарғысына сәйкес, кәсіподақ жарнасынан жиналған қаржының есебі жалпы жиналыстарда қаралып, ол бойынша хаттама жасап, тиісті қаулы қабылданады. Нәтижесінде қаржы орынды жұмсалып, актілері жасалып отырады. Соңғы 3 жылда 18 қызметкер өз өтініштері бойынша Сарыағаш, Меркі, Сайрам, Жаңақорған, Сосновый бор, Щучинск, Атырау және «Ақжайық» шипажайларына барып демалып келді. Бұндай демалыстарды ұйымдастыру, мәдени дамуына ықпал ету жұмыстары алда да жалғасын таппақ.
⠀
Сонымен қатар кәсіподақ ұйымының 8 мүшесіне отбасылық жағдайына байланысты материалдық көмек көрсетілді. Жыл сайын ұйымдастырылатын республикалық «Мектепке жол» акциясында да кәсіподақтың көпбалалы мүшелері назардан тыс қалған емес. Мектепке қажетті құрал-жабдықтармен, киім-кешекпен қамтамасыз етіліп келеді. Елімізде тойланатын мерекелер мен атаулы күндерде де кәсіподақ ұйым мүшелеріне түрлі сыйлық жасап, марапаттауды ұмытпайды. Мерекелерден тыс мектепішілік іс-шараларда оқушыларға демеуші болу, қаржылай қолдау дәстүрге айналған.
Бір қызығы, кәсіподақты тек қаржылық қолдау көрсететін ұйым деп қабылдайтындар көп. Бірақ, бұл ұйым қызметкерлердің құқықтарын қорғауға және олардың еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған. Кәсіподақ, ең алдымен, еңбек заңнамасының сақталуын қадағалайды. Егер ұйым мүшесінен арыз түскен жағдайда, шағымдар бойынша отырыстар өтіп, кәсіподақ мүшесінің құқығы қорғалады. Мұндай оқиғалар біздің тәжірибемізде кездеседі. Бүгінге дейінгі түйіні шешілген түйткілді мәселелерде кәсіподақ ұйымы қызметкердің құқығын қорғап, оң шешім табуына көместесті. Қызметкер мүддесі кәсіподақ ұйымы үшін өте маңызды. Мейлі мұғалім бол, не техникалық қызметкер бол, олардың жалақы, жұмыс уақыты, демалыс, әлеуметтік қамтамасыз ету сияқты талаптары ұжымдық келіссөздер арқылы жүргізіліп, мәселелерді бейбіт жолмен шешуге бар жағдай жасалады.
Кейде қызметкердің білім алуы мен біліктілігін арттыру, қайта даярлау сияқты жұмыстарға ұйымның көмегі ауадай қажет. Бұл олардың кәсіби өсуіне және жұмыс орнын сақтап қалуына мүмкіндік береді. Кәсіподақ әрдайым ұйым мүшесін толық қорғайды және түрлі мәселе бойынша көмек көрсетуге дайын.
Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ баспасөз қызметі