КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫСЫ
26 маусым 2024 жылы Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының кезекті XV съезі өтеді. Съезге Шығыс Қазақстан облысы, Білім беру қызметкерлерінің Зайсан аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Сайранов Қабиолда Ергедікұлы делегат болып қатысады.
Жауапкершілік– адам бойындағы белгілі бір істі, өзіне тапсырылған міндетті орындап, жүзеге асыруынан байқалатын адамгершілік қасиет. Өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын білім беру қызметкерлерінің Зайсан аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қабиолда Ергедікұлы Сайранов. Елін сүйген, адамгершілігі мол, ұстанымы берік жан.
Қабиолда Ергедікұлы кәсіподақтағы еңбек өтілін 1989 - 1997 жылдар арасында Қаратал совхозында кәсіподақ комитетінің төрағасы болып қызметтен бастады. Кейіннен совхоз тарағаннан кейін заман ағымымен, қоғамның тыныс-тіршілігі мен талғамын таразылап, заңгерлік қызметте болды.
Қабиолда Ергедікұы 2009 жылдың қарашасынан білім беру қызметкерлерінің Зайсан аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметінде. Жұмыс барысында білім беру қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау, еңбек орындалуына қоғамдық бақылау жасап, кәсіподақ рөлін көтеруде. Білім бөлімі мамандарының конститутциялық құқықтары мен кепілдіктерін іске асыруға бағытталған кешенді жұмыстарды және мәдени іс шараларды өткізу, білім беру ұйымдарында еңбек қауіпсіздігін сақтау, қызметкерлерге жеңілдіктер мен төлемақыларын алуға мүмкіндік жасау, өзге де нақты мәселелер бойынша заңға сүйене отырып, кемел істерге ұйтқы болып келді.
Қабиолда Ергедікұлы беделді заңгер, басшы, оның еңбегіне аудан ұстаздары әрдайым ризашылдықтарын білдіріп жүреді. Кәсіподақ қатары жыл сайын жас мамандармен толығуда, олардың тұрақты жұмыс жағдайын шешуге, пәтермен қамтасыз етуіне де көңіл бөліпотырады. Өзінің табанды еңбек пен тынымсыз ізденістің, қажырлы қайраты мен білімінің және біліктілігінің арқасында-ауданда, облыста танымал көшбасшы ретінде танылып отыр. Екі дүркін аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды, халық қалаулысы ретінде балаларға арналып спорттық-сауықтыру орталықтың салынуына, білім саласының материалдық базасын нығайтуға қаржы бөлініп мектептердің, мектептен тыс мекемелердің ғимараттарын, жылу қазандықтарын күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге ықпал өтуде.
Кәсіподақ ұйымы – құқықтық, материалдық қолдау және қорғаныстың кепілі ғана емес, азаматтық ұстаным көрсеткіші, ұжымдағы қауымдастық пен ынтымақтастықтың куәсі екенін жете түсінген Қабиолда Ергедікұлының отбасына амандық, деніне саулық, әрменде жемісті жұмыс жасауына сәттілік тілейміз.