ХРОМТАУЛЫҚ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТАРЫН ТИІМДІ ӨТКІЗДІ
Білім саласы қызметкерлерінің мүддесін қорғау - кәсіподақ назарынан тыс қалған емес. Бала бағбаны атанған ұстаздардың әлеуметтік мәселелерін шешу күн тәртібінен түспейді.
Педагогтардың тиімді әрі сапалы жұмыс атқаруы үшін оларға жақсы демалыс қажет. Денсаулығы мен моральдық-эмоционалдық жағдайды тепе-теңдікті сақтаған ұстаз ғана зерек шәкірт тәрбиелейді. Осы мақсатта Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы оқу жылының қорытындысы бойынша ауданның 60-қа жуық кәсіподақ мүшесіне «Шипагер», «Айсары», «Сосновый бор» шипажайына жолдама тарту еткен болатын.
«Шипажайлар ауасы да, суы да таза, табиғаты көркем жерде орналасқан екен. Орталық қызметкерлері демалушыларды жылы жүзбен қарсы алды. Мұндағы негізгі емнің түрі – родон суы мен шипалы ыстық батпағы. Бұл аяқ-қолдың сырқырауына остеохондроз, тыныс алу, жүрек, асқазан ауруларына, семіздіктен арылуға таптырмас шипа. Профилактикалық шипажайда тәжірибелі мамандар тыныс алу жүйесі, жүрек, қан-тамыр, тірек-қимыл аппараты, жүйке жүйесі секілді бірнеше дертті емдеп жазады. Сонымен бірге, түрлі мәдени-көпшілік және сауықтыру шаралар күнделікті ұйымдастырылады», - дейді демалушылар.
Сонымен қатар демалушылар денсаулықтарын нығайтып, құнарлы ас ішіп, бос уақыттарында табиғат аясында серуендеп жазғы демалыстарын тиімді өткізді.
-
Фото
-