ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ПЕДАГОГТАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ
Жаңа оқу жылының даярлығын пысықтап, саладағы түрлі мәселелерді жан-жақты талқылауға, жаңа бастамаларды ұсынуға арналған мұғалімдердің биылғы дәстүрлі тамыз кеңесі «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбына арналды.
«Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығының Көрме павильонында панельдік сессиялармен басталған іс-шараға аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Айдана Шілібекова, Қазақстан жасанды интеллект ассоциациасының сарапшысы Айбек Нұртазаев, облыстық мәслихат депутаттары, аудандар мен Тараз қаласы әкiмдерiнің орынбасарлары, құқық қорғау және атқарушы органдардың, бiлiм бөлімдерінің басшылары, кәсіподақ ұйымдары мен азаматтық қоғам өкілдері, білім саласының еңбек ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Пленарлық отырыс еліміздің бас ұстазы, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың бейне құттықтауымен ашылды. Мұнан соң облыстық білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов «Цифрландыру жағдайында білім беру сапасын қамтамасыз ету – басты мақсат» тақырыбында баяндама жасап, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға талдау жасап, алдағы оқу жылының міндеттерімен бөлісті.
Бұдан соң ҚР Оқу-ағарту министрлігі өкілі, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Айдана Шилибекова кеңес қатысушыларына республика деңгейінде білім саласының әр деңгейдегі дамуы мен атқарылған жұмыстар қорытындысы, барлық саладағы қол жеткен табыстар туралы жан-жақты талдау жасап, жаңа оқу жылына айқындалған мақсат-міндеттерді жүзеге асырудың тиімді жолдарымен таныстырды. Ал Қазақстан жасанды интеллект ассоциациасының сарапшысы Айбек Нұртазаев «Жасанды интеллект негізінде озық талдау технологияларын ұсыну арқылы білім беру ұйымдарында қауіпсіз және жайлы ортаны қамтамасыз ету» тақырыбымен тәжірибе бөлісті.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Даурен Омаров «Білім саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою» тақырыбында баяндама жасаса, Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков «Адами капиталды дамытудың негізі – ұстаз мәртебесі» тақырыбында баяндама жасап, ұстаз мәртебесі тек жалақысын арттырумен көтерілмейтінін айтып, заңдағы кейбір олқы тұстарды әлеуметтік әріптестік аясында шешу, оңтайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, еңбек қатынастарында оң моральдық-психологиялық ахуал орнату, материалдық-техникалық базаны жаңарту сынды бірер түйткілдерге назар аударды.
Алқалы жиынды қорытындылаған Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев биыл білім саласына 319,2 миллиард теңге бөлінгенін, оның ішінде инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.
- 2024-2025 жылдары 41 білім нысанының, оның ішінде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 12 мектептің құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылды. Жыл соңына дейін 19 мектептің құрылыс жұмыстары аяқталады деп көзделуде. Нәтижесінде 2 апатты, 4 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен, сондай-ақ оқушы орны жетіспейтін 10 мектептің мәселесі шешіледі.
Ұрпақ тәрбиесі тек ұстаздың ғана емес, баршамыздың парызымыз. Тәрбие сапалы болуы үшін балаға мектептің, ата-ана мен қоғамның жан-жақты қамқорлығы қажет. Жақсы ұстаз, білікті мектеп басшысы ең бірінші баланы намысты, рухы жоғары, елі мен жерінің патриоты етіп тәрбиелеуге күш салуы керек. Отбасынан басталатын тәрбие жақсы ұстаздан, тәрбие ошағы - мектептен жалғасын табуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Тамыз кеңесі соңында бірқатар сала қызметкері білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіруге қосқан елеулі үлесі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін ҚР Оқу-ағарту минитрлігінің «ЕҢБЕК АРДАГЕРІ» медалімен, «Ы.АЛТЫНСАРИН» төсбелгісімен, «БІЛІМ БЕРУ ІСІНІҢ ҚҰРМЕТТІ ҚЫЗМЕТКЕРІ» төсбелгісімен және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды.
Ал,«Орта білім беретін үздік ұйым-2024» грантының иегері ретінде Меркі ауданындағы Т.Қожакеев атындағы №39 мектеп-гимназиясына 68 млн. теңгенің сертификаты тапсырылды. «Колледждер-лигасының» жеңімпазы Жамбыл инновациялық жоғары колледжіне 10 млн. теңгенің сертификаты табысталды.
Сондай-ақ, «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған 6 білім беру ұйымы түрлі номинациялармен марапатталып, Жергілікті кәсіподақ ұйымының қаржылай 1 млн. теңге сертификаттарына ие болды. Республикалық «Үздік педагог» байқауында 7 бірдей педагогі үздік атанған облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының ұжымы «Үздік педагогтер шеберханасы» номинациясымен марапатталса, «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған 3 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жергілікті кәсіподақ тарапынан ақшалай 500 мың теңгенің сертификатына ие болды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-