КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ АКЦИЯҒА БЕЛСЕНЕ ҚАТЫСТЫ
Балалардың мектепке барар сәті де алыс емес. Жыл сайын бағасы шарықтай түсетін оқу құралдары мен мектеп формасын сатып алуды баршаның қалтасы көтере бермейтіні рас. Осы орайда, еліміздің түкпір-түкпірінде әлеуметтік жағдайлары төмен отбасындағы оқушыларға арналған республикалық «Мектепке жол» акциясы жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Тамыз айында басталған бұл іс-шара бүгінгі таңда да жалғасын табуда.
Бұл акцияның мақсаты – көп балалы, аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек қолын созу екені баршамызға аян. Оқушыларды мектепке дайындаудың да кейбір отбасы үшін қиындық туғызатыны жасырын емес.
Бүгінде елімізде көп жылдар қатарынан тоқтаусыз жалғасын тауып келе жатқан «Мектепке жол» акциясының аясында аз қамтылған, көп балалы отбасыларының балаларына білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы да көмек қолын созып келеді.
Қайырымдылық іс-шарада білім беру саласының қызметкерлерінің, мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің балалары қамтылды. Акция шеңберінде кәсіподақ ұйымдарының өкілдері оқушыларға мектепке арналған сөмке мен қажетті оқу құралдарын табыстады.
Жаңа оқу құралға ие болған оқушылар мен олардың ата-аналары көмек қолын созған жандарға өздерінің шынайы алғыстарын білдірді.