ҰЖЫМДЫҚ ШАРТТЫҢ ҰТЫМДЫ ТҰСТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков Шу ауданында болып, білім саласы қызметкерлерімен кездесті. Іс-шараға білім беру мекемелері мен ұйымдарының басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, қаржы-экономикалық қызмет мамандары қатысты. Кездесу барысында Ерұлан Мағзымбеков Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарына тоқталып, құтты құжаттың оптимистік маңызға ие екенін атап өтті.
- Президент Жолдауда «Еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырған жөн. Басты мақсат — азаматтардың табысын арттыру. Жұмысты дұрыс үйлестіре білсек, бұл — қолдан келетін шаруа» деп атап өткендей, ел әлеуетін күшейту мақсатындағы жұмыстарды кәсіподақтар да нақтылай түсуде. Бүгінгі таңдағы маңызды мәселенің бірі – облыстық білім басқармасы мен Жергілікті кәсіподақ ұйымы арасында 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімнің мазмұнымен барлық сала қызметкерлерін таныстыру, әр кәсіподақ мүшесінің ондағы өзіне тиісті тұстарын жетік біліп, жеңілдіктер мен кепілдіктерін еңбек қатынастарында пайдалана білуі, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Бұдан кейін барша білім саласы қызметкерлері үшін құтты құжат саналатын Келісімнің мазмұнымен, артықшылықтарымен Жергілікті кәсіподақтың бас құқықтық инспекторы Әлия Джолшибекова таныстырып, Келісімнің 13 тарау мен 14 қосымшасына жеке-жеке тоқталып өтті. Құжаттың негізгі мазмұны Еңбек кодексінен бастап барлық заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес кәсіподақ мүшесі болып табылатын сала қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауға, оларға қосымша әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және кәсіби кепілдіктер, жеңілдіктер мен артықшылықтар, оңтайлы еңбек жағдайларын жасауды көздейтіні айтылды.
Оқу семинары форматында өткен іс-шара соңында еңбек және салалық заңнаманы қолдануға арналған сұрақ-жауап сағаты өтіп, сала қызметкерлерінің сұрақтарына заңгерлер Жанболат Орынбеков пен Әлия Джолшибекова жауап берді.
Іс-сапар барысында Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков бастаған кәсіподақ өкілдері аудандық білім беру ұйымдары мен мекемелерінің қаржы-экономикалық қызмет мамандарымен арнайы кездесіп, құзырлы органдардың білім беру саласын тексеру барысында анықталған бірқатар мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы
-
Фото
-