ҰСТАЗДАР ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН БАҚ СЫНАДЫ
Ақтөбе облысының Хромтау ауданында мұғалімдер арасында қазақ күресінен «Кәсіподақ барысы» жарысы өтті. Педагогтер арасында қазақ күресін дәріптеуге арналған аталмыш доданың аудандық кезеңінде ұстаздар жарыс ережесіне сәйкес, екі салмақ дәрежесі бойынша күресті. Аудан бойынша жарысқа 10 педагог қатысты. Биылғы дода Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Лайықты еңбек жылы» және Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының жүз жылдығына арналып отыр.
– Мұғалімдердің арасында өнерлі де спортқа бейім азаматтар көп екенін білеміз. Аудандағы білім қызметкерлерінің талантын көрсету үшін жарыс ұйымдастырылып жатыр, – деді Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Гүлжан Ақанова.
Сайыстың нәтижесі бойынша, 90 келіге дейінгі салмақта Тасөткел орта мектебінің мұғалімі Ерлан Жеңісұлы, ал 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Бөгетсай мектеп-гимназиясының мұғалімі Асылбек Оразымбетов бірінші орынға ие болды.
Боз кілем үстінде өзара күш сынасқан педагогтер арасынан Сарсай орта мектебінің мұғалімі Абзал Есіркепов пен Бөгетсай мектеп-гимназиясының мұғалімі Асылбек Оразымбетов жүлделі екінші орын, Никельтау орта мектебінің мұғалімі Ұлан Жұмағалиев пен Нұрлыкөш орта мектебінің мұғалімі Бақдаулет Қалықбаев үшінші орын иегері атанды.
Барлық жүлдегерлерге аудандық кәсіподақ атынан алғыс хаттар мен ақшалай сыйақылар табысталды.
-
Фото
-