ӘРІПТЕСТІК КЕЛІСІМНІҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ АЙТЫЛДЫ
Жаңа оқу жылынан бастап жаңа білім беру ұйымы ашылғанда, сондай-ақ оқушылардың белгілі бір контингенті жаңа білім беру ұйымына ауысқан жағдайда оқушы орындарының тапшылығы, осы сыныптарда сабақ берген және сынып жетекшілікті жүзеге асырған педагогтерді жұмысқа орналастыру Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрінің 21 ақпан 2012 жылғы №57 бұйрығымен көзделген конкурстық рәсімнен өтпей-ақ ауыстыру тәртібімен жүргізуге болады. Бұл туралы Жамбыл облысының Меркі және Сарысу аудандарында өткен «Еңбек және салалық заңнаманы, әлеуметтік әріптестік актілерін тәжірибеде қолданудың бірқатар сұрақтары» тақырыбына арналған семинар барысында айтылды.
Семинар Жергілікті кәсіподақтың оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өтіп, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы арасында 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісім мен Ұжымдық шарт нормаларын түсіндіруге арналды.
- Келісімнің «Жұмысшылардың босауы және олардың еңбекпен қамтылуына септік ету» атты 4 тарауының 5 тармағына сәйкес бір білім беру ұйымынан өзге жаңадан ашылған білім беру ұйымына сыртқы ауысулар Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 139 бабының 8 тармағы, яғни азаматтық қызметшінің өзінің жазбаша өтініші бойынша тиісті ұйымдардың басшылары арасындағы келісу бойынша басқа мемлекеттік мекемеге, қазыналық кәсіпорынға жұмысқа ауыстырылуы мүмкін. Сондай-ақ, қолдануға мейлінше оңтайлы және мақсатты болатын өзге де баптардың негізінде жүргізіледі, - деді Кәсіподақтың бас құқықтық инспекторы Әлия Джолшибекова.
Семинарға қатысқан білім беру мекемелері мен ұйымдарының басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері және қаржы-экономикалық қызмет мамандарына 13 тараудан тұратын Келісімнің мазмұны мен қолданылу тетіктері түсіндірілген соң Кәсіподақтың облыстық ұйым басшысы Ерұлан Мағзымбеков пен Біріккен комитет төрағасы Жанболат Орынбеков еңбек және салалық заңнамаға байланысты қойылған сұрақтарға жауап беріп, мұғалімдер мен сала қызметкерлерінің құқығын қорғап, әлеуметтік жағдайын көтеруге арналған бұл Келісімнің жеңілдіктері тек кәсіподақ мүшелеріне ғана қолданылатынын ескертіп өтті.
Сөз соңында Ерұлан Сәбенұлы ұстаздарды Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындаған еліміз үшін маңызды саяси науқан - референдумға белсенді қатысуға, ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамауға шақырды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы
-
Фото
-