ҰЖЫМДЫҚ ШАРТТАР ОРЫНДАЛУЫМЕН ҚҰНДЫ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Тұрар Рысқұлов ауданында еңбек және салалық заңнаманы, әлеуметтік әріптестік актілерін тәжірибеде қолданудың сұрақтарын талқылауға арналған облыстық көшпелі семинар өтті. Семинарға аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Сванов бастаған білім беру ұйымдарының басшылары, бухгалтерлер мен экономистер, кадр жөніндегі мамандар, бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері, Кәсіподақ тарапынан төраға орынбасары, Біріккен комитеттің жетекшісі Жанболат Орынбеков пен «Еңбекші» газетінің бас редакторы Бейбіт Бекназаров қатысты.
Семинарды аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Айнұр Баймұратова ашып, жүргізіп отырды. Кіріспе сөзінде Айнұр Манатбекқызы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында белгіленген алдағы референдумға қатысуға шақырып, әрбір дауыс маңызды екенін айтты. «Еңбекші» газетінің бас редакторы Бейбіт Бекназаров семинардың мақсатымен таныстырып, оқыту өзегіне айналып отырған облыстық білім басқармасы мен Жергілікті кәсіподақ ұйымы арасында 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісім мен Ұжымдық шарттың сала өкілдері-кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін қорғау, әлеуметтік-экономикалық қолдау, еңбек қатынастарындағы дауларды оңтайлы шешуге негізделгенін атап өтті.
Күн тәртібіндегі негізгі сұрақ бойынша сөз алған Жанболат Орынбеков 13 тарау, 14 қосымшадан тұратын Келісім мен Ұжымдық шарттың негізгі басымдықтарына тоқталды.
- Әлеуметтік әріптестік актілері ең алдымен оған қол қойған тараптар – облыстық білім басқармасы мен Жергілікті кәсіподақ ұйымының, сәйкесінше аудандық білім бөлімдері мен аудандық кәсіподақ ұйымдарының құқықтары мен міндеттерінің ара-жігін ажыратып отыр. Тараптар осы құжаттардың мәртебесін облыстағы білім жүйесіндегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің негізгі принциптерін белгілейтін әлеуметтік әріптестіктің негізгі құжаты ретінде таниды, ал олардың күші тек кәсіподақ мүшесі болып табылатын қызметкерлерге таратылады деді, - Жанболат Тұңғышбекұлы.
Сонымен бірге жаңа Келісім мен Ұжымдық шартта көрініс тапқан икемді жұмыс уақыты режимі, жасы зейнеткерлікке төрт жылдан аз қалған педагогтердің аттестаттаудан босатылатындығы, тағайындалған біліктілік санаты оның берген өтініші негізінде зейнеткерлік жасқа толғанға дейін сақталатыны, зейнеткерлік жасқа толған соң аттестаттаудан жалпы негізде өтуден бас тартқан жағдайда біліктілік санаты бір деңгейге төмендетілетіні, тамыз және қазан айлары аралығында жұмысқа қабылданған педагогтерге оқу жылы аяқталған соң, бірінші жұмыс жылы үшін төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы толық көлемде берілетіні, қызметкерлерге жақын туыстарының қазасына байланысты бес күнге дейін ақылы демалыс берілетіні туралы айтты.
Семинар соңында аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Айтымбетұлы аудандық білім бөлімі Келісім мен Ұжымдық шарт бойынша өздеріне алған міндеттемелерді орындап, өзара тығыз ынтымақтастықта әрекет ететінін жеткізіп, барлық қатысушылар атынан модераторларға мазмұнды іс-шара үшін алғысын білдірді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы
-
Фото
-