БОЗКІЛЕМДЕ ҰСТАЗДАР БЕЛДЕСТІ
Мектепте балаларға сабақ беріп жүріп, спортты серік еткен Ақтөбенің Шалқар, Байғанин, Ойыл ауданының ұстаздары боз кілемде бақ сынады. Жарысқа қатысушылар әдеттегідей боз кілем шеберлері емес. Қазақ күресіне мектеп мұғалімдерінің шығуы көпшілік үшін қызықты болды. Сайдың тасындай тізілген жігіттер турнирді нағыз тартысты додаға айналдырды.
Аудандық турнир Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Лайықты еңбек жылына» орай ұйымдастырылды.
Дүбірлі доданың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ төрағалары мен білім бөлімінің басшылары балуандарды құттықтап, бозкілем үстіндегі белдесулерге сәттілік тіледі.
Педогогтар арасында өткен бәсекеде 70-90 келі салмақ бойынша шалқарық Нұрым Бекболат, ойылдық Мұстафа Бисембаев, байғаниндік Азамат Қартен алтыннан алқа тағып, жеңіс тұғырынан көрінді. Сол салмақ бойынша сынға түскендер арасында Қасымбек Алғазиев пен Мүслім Жұмашев үздік екендерін дәлелдеп, екінші орынға ие болды. Ал, Жасұлан Жұмағұлов пен Талғат Орынбасаров жүлделі үшінші орынды місе тұтты.
90 келіден жоғары салмақта шалқарлық Ырыскелді Кенжеғұлов, ойылдық Жәнібек Бисенғалиев байғаниндік Қуандық Өтен қарсыласының мысын басып жеңіске жетсе, Нұрбақыт Қаржаубайұлы мен Рүстем Сағынғалиев көпшіліктің қолдауын тапты. Жарыста Досбол Елеуов пен Әнуарбек Мүсіровтің асығы алшысынан түсіп, жүлделі үшінші орынға ие болды.
Жарыс жеңімпаздарына шипажайларға жолдамалар табысталып, бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.
Әр салмақ бойынша жеңімпаз атанғандар облыстық бәсекеде аудан намысын қорғайтын болады. Бағы мен бабы келіскен қазақ күресінің шын шеберлері облыстық “Кәсіподақ барысы” жарысында өнер көрсетеді.
-
Фото
-