КЕЛІСІМ ҚАБЫЛДАНДЫ, КЕЛІССӨЗДЕР ЖАЛҒАСУДА
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы арасында 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімнің нормалары мен шарттарын, ондағы кепілдіктер мен қолдаулардың түрлері мен төлену тәртібін түсіндіру мақсатында Тараз қаласындағы білім мекемелері мен ұйымдарының басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері және кадр, қаржы мамандарының қатысуымен семинар өтті.
Семинардың мақсат-міндеттерімен таныстырып, кіріспе сөз айтқан Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков алдағы жоспарлармен де бөлісті.
- Бас әлеуметтік әріптес – облыстық білім басқармасымен келіссөздер әлі де жалғасуда. Себебі, 2024-2026 жылдарға арналған Келісімді қабылдау барысында ұжымдық шарт арқылы реттелетін мәселелердің шеңберін кеңейтуге қол жеткізіп, жұмыс уақыты мен демалыстың ұзақтығы, жұмысқа қабылдау, жұмыстан ауыстыру және босату, еңбек жанжалдарын қарау тәртібі сынды бірқатар сұрақтар оң шешілгенімен, кейбір педагог емес сала қызметкерлерінің жалақы мөлшері, қосымшаақы мен үстемеақы төлеу мәселесі ашық күйінде қалып қойды. Бүгінде әлеуметтік әріптестермен келіссөздер жүруде, орайы келсе оңынан шешіледі деп сенеміз, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
ұнан кейін Жергілікті кәсіподақтың құқықтық қызмет басшысы Әлия Джолшибекова Келісімнің 13 тарауына жеке-жеке тоқталып, сала-қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік жағдайларын жақсартуға бағытталған маңызды құжаттың мазмұнын түсіндірді. Ал Кәсіподақ төрағасының орынбасары Жанболат Орынбеков семинар барысында қатысушылар тарапынан түскен оқу жүктемеге, еңбекақы, үстемеақы, жәрдемақы төлеуге байланысты, педагогтердің аттестациядан өтуі, қайта даярлаумен байланысты сұрақтарына мысалдар келтіре отырып, жауап берді.
- Мәселен, мұғалім «педагог-зерттеуші» біліктілігін растау барысында педагогикалық біліктілік байқауынан (ПББ) өтуде «педагог-зерттеуші», «педагог-сарапшы», тіптім «педагог-модератор» біліктілігінің шекті деңгейіне жетпеген жағдайда оған «педагог-зерттеуші» біліктілік санатынан бір саты төмен, сәйкесінше «педагог-сарапшы» біліктілік санаты беріледі. Сондай-ақ, аттестаттау барысында «педагог-сарапшы» біліктілігі бар мұғалім «педагог-зерттеуші» санатына біліктілігін көтеру мақсатында педагогикалық біліктілік байқауында (ПББ) «педагог-зерттеушіге» тиісті ұпай жинай алмаған жағдайда оған педагогикалық біліктілік байқауында (ПББ) жинаған ұпайына қарай «педагог-зерттеуші», «педагог-сарапшы», «педагог-мадератор» біліктілік санаты беріледі. Егер, «педагог-модератор» біліктілік санатын беру үшін ПББ ұпайлары жеткіліксіз болған жағдайда, оған «педагог» санаты беріледі - деді Жанболат Тұңғышбекұлы.
Семинар соңы сала қызметкерлерінің еңбек қатынастары барысында туындаған сауалдарына жауап беруге арналған сұрақ-жауап сағатына ұласты.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы
-
Фото
-