ҚАРҒАЛЫ АУДАНЫНЫҢ КӘСІПОДАҚ БАРЫСЫ АНЫҚТАЛДЫ
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Лайықты еңбек жылы» аясында Ақтөбенің Қарғалы ауданында қазақ күресінен «Кәсіподақ барысы» турнирі өтті.
Соңғы жылдары қазақ күресінің көкжиегі кеңейіп келеді. Соның бір дәлелі бүгінгі додаға Қарғалы ауданынан 20 педагогтің қатысуы. Олар екі салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетті.
Дүбірлі додада алдымен педагогтер жеребе суырып, боз кілем сайысына төрелік етуші әділқазылармен бірге шақырылып, белдесуге кезек берілді.
Сайысты тамашалауға жиылған аудан жұртшылығы жылдамдық, ептілік және шаршы алаңда қарсыластарын шаң қаптырып отырған балуандарға қолдау білдіріп, жарыс көркін қыздырып отырды.
Жарыс нәтижесінде 90 келіге дейін салмақ дәрежесі бойынша №2 Бадамша орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сырым Канмамаев жүлделі І орынға, Қосестек орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сапарғали Қалмағамбетов ІІ орынға, Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Темірлан Таубаев ІІІ орынға ие болды.
90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Пацаев мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Руслан Боранқұлов І орынды жеңіп алса, Ащылысай мектебінің қызметкері Александр Мертенс ІІ орынды, Әлімбет мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Александр Новолсельский ІІІ орынды жеңіп алды.
Жеңімпаздарға медальдар мен дипломдар табысталды. Бас жүлде иегерлері мен жеңімпаздарға аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Ташкент-Самарқанд қалаларына тарихи-танымдық саяхатқа жолдамалары табысталды.
Жарыс соңында аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен ұжымды біріктіру және командалық рухты қалыптастыру мақсатында тимбилдинг ұйымдастырылды.Іс-шара аясында ашық аспан астында қызықты спорттық және зияткерлік ойындар өткізілді.
-
Фото
-