МҰҒАЛІМДЕР АРАСЫНДА «КӘСІПОДАҚ БАРЫСЫ» ӨТТІ
Ақтөбенің Мәртөк, Мұғалжар, Қобда, Алға, Темір, Әйтеке би аудандарының мұғалімдері арасында қазақ күресінен «Кәсіподақ барысы» жарысы ұйымдастырылды. Бұл аталған аудандардағы спорт саласындағы ерекше жаңалық болды.
Көпшілік алғысын айтып, күресті жарқын көңілмен тамашалады. Білім мен спортты қатар алып жүрген ұстаздарға жанкүйерлері қолдау білдіріп отырды.
Жекпе-жекке кәсіби балуандар емес, жас ұрпаққа ұстаздық етушілер қатысқанына қарамастан, «Кәсіподақ барысы» аудандық жарысы барлық ережелерге сай өтті.
Аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының демеушілігімен өткен жарысқа аудан мектептерінен қатысып, олар 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары салмақ дәрежелерін сарапқа салды. Турнирдің басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, ұстаздар арасында қазақ күресін кеңінен насихаттау, ұстаздардың шеберлігін шыңдау, жалпы ұстаздар арасында достық пен өзара татулық қатынастарды нығайту еді.
Ұстаздықпен қоса құрыштай шыныққан сайыпқырандардың саңлағын анықтайтын «Кәсіподақ барысы» аудандарда биыл бірінші рет өтіп жатыр. Ұстаздық жолында қызмет етіп, бозкілемде жауырындары жерге тимейтін балуандар өз күштерін көрсетті. Күші басым түскендер жүлделі орындарды олжалады. Турнирдің қорытындысымен өз салмақтары бойынша Мәртөк,Мұғалжар, Қобда, Алға, Темір, Әйтеке би аудандарының намысын қорғаған мұғалімдер «Кәсіподақ барысы» атағын жеңіп алып, облыстық турнирге жолдама алды.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының тарапынан арнайы медальдар, дипломдар мен сый-сияпаттар табыс етілді.
Айта кетейік, қазақ күресінен «Кәсіподақ барысы» турнирі Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының жүз жылдығы аясында өткізілді.
-
Фото
-