ҰСТАЗДАР ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН БАҚ СЫНАДЫ
Дене тәрбиесі оның ішінде ұлттық спорт пен ойындар арқылы салауатты өмір сүру дағдыларын қалыптастыру, халықтың денсаулығын жақсарту, бұқаралық спортты дамыту, салт-дәстүрді сақтау, елін-жерін сүюге тәрбиелеу жас ұрпақ тәрбиесіндегі өте өзекті мәселелердің бірі. Дәстүрлі халық мәдениетінің ажырамас бір бөлігі болып саналатын ұлттық ойындар мен спорттың қоғамдағы атқаратын пайдасы орасан. Аударыспақ, бәйге, көкпар, қазақ күресі, асық ату, садақ ату және басқа да қазақтың қанына сіңген ұлттық спорт түрлері – еліміздің бренді. Әсіресе, қазақ халқының тарихымен қатар дамып келе жатқан қазақ күресі бүгінде үлкен танымалдылыққа ие. Елімізде кез келген мерекелік іс-шаралар бұл спортсыз өтпейді.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының жүз жылдығы мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Лайықты еңбек жылына» арналған «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Кәсіподақ барысы - 2024» облыстық турнирі өз мәресіне жетті.
Алдымен турнирде құжаттарды қабылдау бойынша салмаққа түсу мен мандаттық комиссияның отырысы өтті.
Турнирдің шымылдығын ашқан “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова кәсіподақ тарапынан ұлттық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтіп, балуандарға сәттілік тіледі.
Турнирде Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан мен басқарма басшысының орынбасары Дина Жаманбаева ұстаздардың жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбектеріне табыс тіледі.
Одан кейін ақсақалдар алқасының төрағасы, самбо күресінен Қазақстанның спорт шебері Қуандық Қабден ұстаздарға ақ батасын беріп, тілегін білдірді.
Қазақ күресі бойынша ұстаздар арасында ұйымдастырылған турнирге 30-дан астам спортшы қатысты. Білікті педагогтер спорт саласында да осал емес екендіктерін дәлелдеп бақты. Бүгінгі бәйгеде білім мен спортты қатар алып жүрген ұстаздарға жанкүйерлері қолдау білдіріп отырды.
Бүгінгі додада мұғалімдер боз кілемде белдесіп, күші басым түскендер жүлделі орындарды олжалады. Турнир қорытындысында өз салмақтары бойынша Мұғалжар ауданының намысын қорғаған Қандығаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжінің оқытушысы Ауданбай Нұрмаш пен Қандыағаш қалалық мектептен тыс №1 аула клубының қазақ күресінің мұғалімі Жангелді Айтжан «Кәсіподақ барысы» атағын жеңіп алып, кәсіподақтың 200 мың теңгелік сертификаты мен «Кәсіподақ барысы» белдігіне ие болды. Сондай-ақ «Кәсіподақ барысы» атанған балуандар Тараз қаласында өтетін республикалық турнирге жолдама алды.
Жеңімпаз балуандарға білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан мен кәсіподақ көшбасшысы Раушан Серікова ақшалай сертификаттар мен арнайы белдіктерді табыстады.
Ал, 90 кг салмаққа дейінгі нәтиже бойынша Мұғалжар ауданының абыройын арқалаған Темірлан Бурунғалиев пен 90кг жоғары салмақ бойынша алғалық Рамиль Абдрахманов екінші орынды еншілеп, күміс медальға ие болды. 90 кг дейінгі салмақта хромтаулық ұстаз Ерлан Жеңісұлы мен 90 кг жоғары салмақта ырғыздық Еділ Сағынаев қола жүлдені иеленіп, 100 мың теңгелік сертификатпен марапатталды.
Боз кілемде бақ сынаған балуандардың әрқайсысына кәсіподақ ұйымының 40 мың теңгелік сертификаттары табысталды.
Облыста алғаш рет ұстаздар арасында өткен спорттық жарыстың жас ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі зор игілікті шара болып көпшіліктің көңілінде қалды.
-
Фото
-