БОЗКІЛЕМ ҮСТІНДЕГІ БЕЛДЕСУ
Шығыс Қазақстан облысы оқу-ағарту, жоғары білім, ғылым және басқа бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы Салалық кәсіподақтың 100 жылдығына арналған қазақ күресінен «Кәсіподақ барысы» іріктеу турнирін Самар ауданы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өткізді.
Турнирдің мақсаты сала қызметкерлерін қазақ күресімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру мен жетілдіру, кәсіподақ ұйымдары арасында шынайы бәсекелестікті дамыту мен кәсіподақ мүшелігімен қамтуға ынталандыру.
Турнирге арнайы қатысқан ШҚО жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Назгуль Касенова барша кәсіподақ қызметкерлерін және қатысушыларды өңірлік кезеңнің өтуімен құттықтады. Сондай-ақ, алдағы жылдары қатысушылар санының көбейіп, кәсіподақ қызметкерлерінің қызығушылығы арта түсетіндігіне мол сенім білдірді. Самар ауданы бойынша білім бөлімі басшысы Руслана Закирьянова мен аудандық кәсіподақ төрағасы Самаркан Демесинов өз сөздерінде ауданымызда алғаш өткізіліп жатқан бәсекенің ашылуымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Өңірлік іріктеуге 90 кг-ға дейін және 90 кг-нан жоғары салмақ бойынша боз кілемде бақ сынасты.
Жарысты өткізуге тікелей жетекшілік төрешілер алқасына жүктелді. Жарыстың бас төрешісі міндетін Самар ауданы «Жамбыл атындағы орта мектебі» КММ дене шынықтыру пәні мұғалімі Еламан Кеңескалиев атқарды.
Белдесу нәтижесінде 90 кг-ға дейінгі балуандар арасынан 1-орынды Катонқарағай ауданы спортшысы Елдар Дәуітқанов, 90 кг-нан жоғары спортшылар ішінен 1-орынды Самар ауданы спортшысы Сержан Исанов иеленіп, республикалық турнирге жолдама алды.
– Бүгінгі жарыс өте жақсы деңгейде өтті. Алдағы жылдары да осындай жарыстар көп өте беруіне тілектеспін. Бастысы төрешілер тарапынан әділ шешімдер шығарылды. Сондай-ақ, ешқандай жарақатсыз өткен жақсы күрес болды, – дейді жеңіске жеткен Катонқарағайлық балуан Елдар Дәуітқанов.
Жеңімпаздар мен жүлделі орынға ие болған балуандарға облыстық және аудандық кәсіподақ ұйымының атынан марапат сыйлықтар табысталды.
– 2024-2025 оқу жылындағы «Кәсіподақ барысы» сайысы жақсы өтіп жатыр деп ойлаймын. Әділ және таза өтті. Барлық қатысушыларды жүлделі орындарымен құттықтаймын, – деп қостады 90 кг-нан жоғары салмақта жеңімпаз болған Самар ауданы балуаны Сержан Исанов.
Айта кетейік, республикалық кезең осы жылдың 31 қазанында Тараз қаласында өтеді деп жоспарланып отыр. Аймақтың абыройын қорғайтын балуандарға бабымен қатар бағы бірге шабар белдесу тілейміз.
-
Фото
-