САЛА АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ
Бүгінгі жаһандану заманында білім бәсекесіне ілесе алған ел ғана оза алады. Сондықтан ұстаздарға артылар жүк ауыр. Ал саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, оқушының бойына тәрбие мен білімді сіңіре білген мұғалімдердің мерейі қашанда биік. Оларға деген құрмет те ешқашан ортаймайды. Осы қағиданы берік ұстанған Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы ұстаздар күніне орай білім саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагер ұстаздарға құрмет көрсетті.
Жүрекке жылу беретін жылы кездесуге облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімдерін басқарған тұста сан мыңдаған мұғалімдердің кәсіби біліктілігін шыңдап, білімнің көкжиегін кеңейткен сала ардагерлері, білім ұйымдарын басқарған тұста мыңдаған шәкірттердің жұлдызын жаққан мекеме басшылары, әдістемелік кабинетте ұзақ жылдар қызмет атқарған майталман мамандар мен облыстық, аудандық кәсіподақ ұйымдарына абыройлы төрағалық еткен кәсіподақ көшбасшылары, облыстық ата-аналар комитетінің мүшелері қатысты.
Бүгінде осы саланы абыроймен алып жүрген облыстық білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов пен Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков өздеріне жол көрсеткен кешегі әріптес-ұстаз, бүгінде зейнеттегі сала ардагерлерін мақтан тұтатынын айтып, олардың салған сара жолы саланың еңсесін тіктеп ұстауға негіз екенін жеткізіп, мерекелік гүл шоқтары мен сыйлықтар табыс етті. Сол еңбекті елеп, құрмет көрсеткенге ардагер ұстаздар да алғыс білдіріп, ағынан жарылды.
- Қай кезде болмасын ұстазды ұлықтаған халықпыз. Мағжан ақынның «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – ұстаздікі» дегендей, ұстазға деген құрметті осы бір сөздің өзінен-ақ аңғаруға болады. Алдыңнан түлеп ұшқан шәкіртің шыңға шықса, ұстаз еңбегінің ақталғаны. Ол үшін ұстаз үздіксіз ізденіс үстінде болуы тиіс. Сонда ғана бүгінгі заңғар заманның бәсекеге қабілетті азаматын тәрбиелеп шығады. Білім саласында еңбектеніп жүрген барша педагогикалық қауымға осыны тілеймін. Сіздер бізді қалай құрметтеп жатқан болсаңыздар, ертең шәкірттеріңіз сіздерді де осылай төрге шығарсын, - деді ұзақ жылдар бойы білім басқармасына басшылық еткен ардагер-ұстаз Бәтес Егембердиева.
Кездесу барысында барлық сала ардагерлері жылы лебіз білдіріп, қызмет еткен жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, шараны ұйымдастырушыларға ықыластарын білдірді. Соңында ұстаздарға арналған әндер шырқалып, көтеріңкі көңіл-күймен ардагерлер естелікке суретке түсті.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-