АҚТӨБЕДЕ ҮЗДІК ПЕДАГОГТАР МАРАПАТТАЛДЫ
Ақтөбе облысының ардагер ұстаздары мен үздік педагогтары өз жұмысындағы кәсіби шеберлігі, шығармашылығы үшін марапаттарға ие болды. Облыс әкімшілігінде мұғалімдер күніне арналған салтанатты жиында өңір басшысы Асхат Шахаров үздік педагогтарды құттықтады.
Білім саласының қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Асхат Шахаров өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге қосқан зор үлесі, жетістіктері үшін бір топ ұстаздарды марапаттады. Марапат барысында «Ыбырай Алтынсарин», «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген білім қызметкері», «Еңбек ардагері» төсбелгілері мен облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды.
Одан кейін басқосуда Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан мен Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Раушан Серікова бірқатар білім саласының өкілдерін мерекемен құттықтап, ел болашағын қалыптастырудағы еңбегін ерекше атап өтті.
Салтанатты жиында бірқатар кәсіподақ мүшелеріне облыстық кәсіподақ ұйымының 100 мың теңгелік ақшалай сертификаты мен “Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін” төсбелгілері табысталды. Марапатталғандардың арасында ұстаздар мен білім бөлімінің басшылары бар.
Айта кетейік, салтанатты жиынға білім саласында жемісті еңбек етіп, саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған педагогтер мен ардагер ұстаздар, аудандық білім бөлімінің басшылары қатысты.
-
Фото
-