«ҰСТАЗ ЖОЛЫ» ЖОБАСЫ ЖАНДАНДЫ
Атауының өзі ғибратты ұқтыратын жоба аясында Батыс Қазақстан облысы, Теректі аудандық балалар шығармашылық үйінің мұрындық болуымен, аудандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының колдауымен игі іс-шара өтті.
Бұған дейін бес мәрте ұйымдастырылған бағдарламаға әр ауылдық округтің ұлағатты ұстаздары қатысып жүргенін айта кеткен жөн.
Мереке қарсаңында өткен бүгінгі шараның қонақтары Аңқаты жалпы орта білім беретін мектебі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Саяхат Әбдірахманов, Ақжайық мектебінің география пәні мұғалімі Бейбігүл Бисембаева, Госплемстанция мектебінің алғашқы әскери дайындық және технологиялық дайындық пәні мұғалімі Қайырбек Байғалиев, Ы.Алтынсарин атындағы мектебінің география пәні мұғалімі Гүлнара Жұбанышева болды.
Тағылымды сұхбатты жүргізген Теректі аудандық кәсіподақ жастар ісі жөніндегі Кеңес төрағасы Үміткер Орынғалиев жоба қатысушыларына «Сұрақ - бізден, жауап - сізден» деген бөлім барысында қызықты сұрақтар қойды.
Сондай-ақ қонақкәделерін алып келген Саяхат Саматұлы «Ұстазым» әнін орындаса, шебер Бейбігүл Зинешқызы өзінің туындысын ала келді.
Ал Гүлнара Нұховқызы тебірене көркемсөз оқыса, Қайырбек Саматұлы автоматты тез шашып, жинауды көрсетті. Сонымен қатар «Кейіпкермен бетпе-бет», «Ақ тілек» айдарында шақырылған қонақтарға алғашқы шәкірттері, достары мен топтастары, отбасы мүшелері ізгі тілектерін тікелей эфирден жолдады.
Шараға қатысқан Теректі ауданының білім беру бөлімінің басшысы Мирас Сапарғалиев білім беру саласында қызмет етіп жүрген жандарға лебізін білдіріп, аудан басшысы атынан алғыс хат табыс етті.
Одан әрі ауданның бас ұстазы Мирас Махмұтұлы мен Теректі аудандық кәсіподақ комитеті – Филиалының төрайымы Ұлдай Сарсенова "Ауыл" олимпиадасының республикалық кезеңінен жеңімпаз атанғандарға шипажайға жолдаманы табыс етті.
-
Фото
-