КІТАПХАНА ІСІНІҢ ҮЗДІГІ МАРАПАТТАЛДЫ
Ағымдағы жылдың 9 қазан күні «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі Ұстаздар және Қазақстан Кәсіподақтары күніне арналған «Кәсіподақ - Ұстаз жүрегі, еңбек - тірегі» тақырыбында салтанатты мерекелік шарасын ұйымдастырып өткізді.
Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжінің кітапхана меңгерушісі, жоғарғы санаттағы кітапханашы, кітапхана саласының үздігі Жайбергенова Батима Андреевна «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» арнайы төсбелігісімен марапатталды.
Батима Андреевна – ғұмырын кітап пен кітапханаға арнаған бірегей жан. Колледждегі оқырмандарға заманауи талапқа сай жайлы жағдай жасап, түрлі шаралар ұйымдастырып, кітапханаға баланы да, жасты да, жасамысты да тарта алып келеді.
57 жылдық тарихы бар колледж кітапханасының ішкі мазмұнын одан сайын байытып, жоғары деңгейге көтеріп келе жатқан әріптесіміз. Одан бөлек колледждегі кәсіподақ қозғалысының дамуы жолында да көптеген жылдардан бері қалтқысыз, белсенді жұмыстарды бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы болып ұйымдастырып, басқарып келеді.
Кәсіби төл мерекесімен құттықтаймыз, қызметіне табыс, сәттілік тілейміз!
Маңғыстау облыстық ұйымы