РЕСПУБЛИКА КҮНІ: МАРАПАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ
Ақтөбе облысының Қобда ауданында 25 қазан – Республика күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Жиында ауданның білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан кәсіподақ мүшелерінің еңбегі еленіп, жетістіктері сараланды.
Аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Қуанышкерей Ибраев көпшілікті мерекемен құттықтап, бірқатар кәсіподақ мүшелеріне марапаттар табыстады.
- Республика күні – біздің жалпыұлттық мерекеміз. Еліміздің қарыштап дамып, толағай табысқа жетуі – халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің жемісі. Олай болса, бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ырысты болып, егемен еліміз гүлдене берсін!, – деді кәсіподақ төрағасы.
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Ризагүл Омарова мен аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Әбен қатысты.
Мерекелік шара барысында жоғары біліктілігі мен кәсіби шеберлігін еліміздің ертеңі - өскелең ұрпақтың кемел келешегіне арнап, білім беру саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген білім беру ұйымдарының кәсіподақ мүшелері мен кәсіподақ төрағалары марапатталды. Олардың қатарында мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, ұстаздар бар. Үздіктерге облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасы мен аудандық кәсіподақ ұйымының Түркістан және Ташкент-Самарқанд қалаларына туристік саяхатқа жолдамалар табысталды.
Салтанатты іс-шара соңында өнерпаздар өнер көрсетіп, мерекенің сәнін кіргізді.
-
Фото
-