ХРОМТАУЛЫҚ ҰСТАЗДАР КҮЗГІ ДЕМАЛЫСТАРЫН ТИІМДІ ӨТКІЗДІ
Күзгі каникул Хромтау ауданының ұстаздары үшін ерекше естеліктерге толы болмақ. Аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы педагогтер үшін киелі Түркістан өлкесіне тарихи-танымдық тур ұйымдастырды.
Саяхатқа аттанған мұғалімдер Түркістан қаласының көрікті жерлері мен киелі орындарды аралады. Атап айтсақ, “Ғайып Ерен Қырық Шілтен”, Нұх пайғамбардың кемесі қалған Қазығұрт тауы, Домалақ ана кесенесі, Арыстан баб пен оның шәкірттері Лашын баб, Хермет-Әзіре, Қарға баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне ат басын тіреп, тәу етті. Үкаша ата құдығынан зәмзәм суынан дәм татып, Мұхтар Шахановтың “Отырар дастанында” жырланған Отырар даласында болды. Және соңғы үлгіде салынған “Керуен сарай” туристік кешеніне барды.
«Мұғалім деген қадірлі мамандық иелеріне, осындай мәдени,тарихи жерлерді көруге мүмкіндік берген кәсіподақ ұйымына алғысымыз шексіз. Рух дүниеміз байып, таным көкжиегіміз кеңіп, керемет сезімге бөлендік»,-дейді кәсіподақ мүшелері.
Хромтау ауданының кәсіподақ мүшелерінің бір тобы “Шипагер” емдеу-сауықтыру орталығында ем алып, денсаулықтарын нығайтуда. Алға қаласындағы «Шипагер» оңалту орталығы - тірек-қимыл қозғалысы, артрит, артроз, буын аурулары мен тыныс алу жолдарын емдейді.
Шипажайдың басты ерекшелігі - балшықпен емдеу. Бұл емдік балшық әр түрлі биологиялық белсенді заттармен байытылған. Оның құрамында ферменттер, витаминдер, гормонға ұқсас заттар және пайдалы микрофлора бар.
Осы емдік шаралар ұстаздарымыздың жанына дәру болсын деп тілейміз!
-
Фото
-