ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ – ШӘКІРТКЕ МІНДЕТ
Нұра ауданының мұғалімдер қауымы ауыр қазаға душар болды. 2024 жылдың қазан айында сексен бір жасқа қараған шағында ардақты азамат, білім саласының үздігі, ұлағатты ұстаз, білікті басшы Қасымов Ғабдысалам Жылтырұлы фәниден бақиға аттанды.
Қасымов Ғабдысалам Жылтырұлы 1943 жылы 4-ші қыркүйекте Черниговка селосында дүниеге келген. 1959 жылы Калининде 9 сыныпты аяқтап, оныншы сыныпты Киевка орта мектебінде 1960 жылы бітірген. Жалпы жұмысқа ерте араласып, жетінші сыныптан бастап атқа жегілген тырнауышпен шөп жинауға көмектеседі. 1960 жылы оқу басталғанда Богучар ауылына 7 жылдық мектептің қазақ сыныптарына физика-математика мұғалімі болып орналасқан. 1961 жылы Нұра жеті жылдық мектебіне ауыстырылды. 1964-1968 жылдары аралығында Қарағанды педагогикалық институтының физика-математика факультетін сырттай оқып бітірген.1970-жылы әскери борышын өтеп келген соң Нұра 9 жылдық мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, 1975 жылы аталған мектептің директоры болып тағайындалады. Сол жылы мектеп «Орта мектеп» деген мәртебеге ие болады. 1979-1983 жылдары сайлауда Кенжарық селолық Советінің депутаты, оның атқару комитетінің мүшесі болып тағайындалады.1981-1987 жылдар аралығында селолық кеңес Советінің атқарушы комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды. 1987 жылы Нұра мектебінің математика пәні мұғалімі болып тағайындалады. Жалпы, 1961-1998 жылдар аралығында 37 жыл еңбек етіп, оқушыларын ғылым және білім, шаруашылық басқару салаларында жетістіктерге жеткізді. «Ұстаздан шәкірт озар» деген. Яғни, мұғалім еңбегінің қайтарымы өзі оқытқан шәкірттерінің биік белесті бағындырғанымен бағаланады. Бұл ретте, еліміздің түкпір-түкпірінде өзінің жолын қуып, кейінгі ұрпаққа білімнің нұрын сеуіп жүрген шәкірттері де жеткілікті. Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің үздік математиктері – Қ.Жетпісов, С.Искаков, Г.Бүлқайыровалар Ғабдысалам Жылтырұлының ізін жалғастырған шәкірттері екенін мақтанышпен айтуға болады.
1998-2006 жылдар аралығында Кәрім Мыңбаев атындағы мектепте директор, физика-математика пәндерінің мұғалімі болып қызмет атқарды. Талай азаматты маман ретінде, мұғалім болып қалыптасуға бар тәжірибесін арнаған тұлға. 2006 жылы зейнетке шыққаннан кейін Қарағанды қаласына қоныс аударған болатын. Қажырлы еңбегін бағалап, өмірдің қызыңы мен қиындығын қатар көтере білген жан жары Бақыт Жетпісқызы отбасының ұйытқысы. Артында Айғаным, Әсем атты қыздары жан-дүниесі бай қазақтың қарапайым қыздары болып тәрбиеленді. Ұлағатты ұстаз өзінің еңбекқорлылығымен қатар өз ісіне адалдығымен ерекшеленді. Аптал азамат өзінің адами қасиетімен ел есінде қалды.
А.Мұстафин,
Қарағанды облысы, Нұра ауданының білім қызметкерлері
кәсіподағының төрағасы