МАЙТАЛМАН МАМАН ИЕСІ
Ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» дегендей, ұстаз жолы - қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық атаулының бірі.
Дина Сагынова қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңалықтарды игерген, оқытудың тиімді жаңа технологияларды, жаңаша әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, оқушыларға білім беруде үлкен жетістікке жетіп жүрген білікті басшы, ұлағатты ұстаз.
Алғашқы еңбек жолын Қызылтөбе ауылы №2 жалпы білім беретін мектепте бастады. Аталған мектепте 1984 жылдан бері еңбек етіп жүр. Ізденімпаз, жаңашыл, еңбекқор ұстаз өткізген сабағын ерекшелендіріп, қазіргі талапқа сай, жаңашыл методикалық бағытта өткізеді.
Сабақ барысында оқушының терең білім алуына мән бере отырып, көпжылдық іс-тәжірибесі және оқыту методикасымен жұмыс істейді. Оқушылары аудандық және облыстық көлемде өткізілген іс-шараларға қатысып, әрдайым жүлделі орындарға қол жеткізіп келеді.
Ұстаздық шеберлігін жетілдіру мақсатында ол білім көтеру курстарынан өтіп, уақытылы семинарларға қатысып, мамандығының теориясы мен методикасын терең меңгерген, жас ұрпақты білім беруге, тәрбиелеуге жол таба білген ұстаз.
Жоғары оқу орнын бітіріп келген жас маманға қашанда қол ұшын беріп, көмек көрсетуге дайын тұратын, балалармен жұмыс жасаудың қыр-сырын үйретуден жалықпайтын аяулы жан. Өзінің білімі мен біліктілігін арттырып, тәжірибесімен бөлісіп, әдістеме жағынан талай маманға көмектесіп жүретін жақсы қасиеті тағы бар.
Ардақты ұстаз отбасының тірегі, төрт баланың анасы, немере сүйген аяулы әже.
Маңғыстау облысы, Мұнайлы аудандық кәсіподақ ұйымы