ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕРГЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының көпқырлы қызметінің бірі – сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерін, оның ішінде әлеуметтік әріптестер мен кәсіподақ активін оқыту, олардың біліктіліктерін арттыру. Осы орайда, Жергілікті кәсіподақтың оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен әлеуметтік әріптестік қағидасы аясында Жамбыл ауданының білім мекемелері мен ұйым басшыларына арналған «Әлеуметтік әріптестік – әлеуметтік-еңбек қатынастарының тұрақты дамуының негізі» тақырыбында облыстық семинар өтті. Семинарға аудандық білім бөлімінің басшысы Зәуре Абдирасилова бастаған 53 басшы қатысты.
Кәсіподақ қызметінің жұмыс бағыттарынан хабар беретін «Ғасыр жасаған ұйым: бір мақсат, бір мүдде» деректі фильмінің көрсетілімінен кейін семинар Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбековтың алғы сөзімен басталды. Кәсіподақ көшбасшысы өз сөзінде семинардың маңызына тоқталып, әлеуметтік әріптестік тараптарының өзара қарым-қатынастарын құқықтық білімді дамыту, ұжымдық шарт нормаларын талқылау мен орындау, еңбек қатынастарында заманауи тәсілдерді пайдалану саласында дамыту кезек күттірмейтінін атап өтті.
Мұнан соң еңбек заңдылығындағы өзгерістер туралы Жанболат Орынбеков баяндап, Еңбек кодексінде айқындалған жұмыс берушінің негізгі құқықтары мен міндеттері туралы айтты. Өз сөзінде еңбек шартын мерзiмi өткеннен кейін тоқтату тәртібі туралы түсіндіріп, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстарының кезеңін айқындау және оларды беру тәртібіне де тоқталды. Сонымен бірге білім беру ұйымдарындағы педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің қызметі туралы егжей-тегжейлі түсіндірме жүргізді.
Келесі модератор – Кәсіподақтың құқықтық қызмет басшысы Әлия Джолшибекова жұмыс берушілердің актілерін кәсіподақ органдарымен келісу тәртібіне тоқталды.
- Әлеуметтік әріптестік актілерінің талаптарына сәйкес ішкі еңбек тәртіп ережесі; оқу сабақтарының кестесі; жұмыс кестелері; демалыс кестелері; педагогикалық қызметкерлердің оқу жүктемесі; педагогикалық қызметкерлердің қолданыстағы біліктілік санатын төмендету мақсатындағы кезектен тыс аттестациясын тағайындау туралы шешім; біліктілік санатын төмендету туралы шешім; еңбек қорғау жөніндегі нұсқаулықтар мен еңбек тәртіптемесінің қағидалары бастауыш кәсіподақ ұйымының кәсіподақ комитетімен келісе отырып қабылданады, - деді модератор.
Сонымен бірге, еңбек жағдайларының өзгеруі туралы бұйрықтар; жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарттарын бұзу туралы бұйрықтар; жұмысшыларға мереке және демалыстағы жұмыс күндерді хабарлау туралы бұйрықтар; штаттық кестенің қысқаруы мен өзгеруі туралы бұйрықтар; көтермелеулер туралы бұйрықтар; сыйақы беру, қосымша төлем тағайындау мен материалдық көмек көрсету туралы бұйрықтар; толық емес жұмыс күні режимін енгізу туралы бұйрықтар; күнделікті жұмысты бөлшектеу туралы бұйрықтар; жұмыс уақытының жиынтықталған есебін қолдану туралы бұйрықтар мен икемді жұмыс уақыты режимін белгілеу туралы бұйрықтар кәсіподақ ұйымдарының дәлелді пікірін ескере отырып қабылданатынын ескертті.
Бұдан бөлек семинарда Жамбыл ауданы бойынша кәсіподақтың құқықтық еңбек инспекторы Ғазиз Оспанов білім мекемелерінде еңбек заңдылығының сақталуын бақылауда жиі кездесетін заң бұзушылықтарға тоқталып, олардың салдары туралы айтты. Еңбек және салалық заңнаманы қолданудың бірқатар сұрақтарына арналған сұрақ-жауап сағатынан кейін Жамбыл ауданы білім бөлімінің басшысы Зәуре Садуақасқызы өздерін толғандырған сауалдарға жауап алып, әріптестерінің құқықтық сауаттылығын арттыра түсуге сеп болғаны үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, әлеуметтік әріптестікті арттыра түсуге мүдделі екенін жеткізді.
Ал Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Сәбенұлы жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынас орнату, олардың еңбек қатынастарында, жалақы мен демалыс, аттестациядан өтуге байланысты туындап жатқан сұрақтарына жауап беру, әлеуметтік әріптестік актілерін тәжірибеде қолдану сұрақтарын талқылауға арналған семинар өз мақсатына жеткенін айта келе, тыңдаушыларға семинарға қатысқандығын растайтын сертификаттар табыс етті.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы
-
Фото
-