БАСТАУЫШ ҰЙЫМ ЖЕТЕКШІЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Кәсіподақ және қоғам: заманауи көзқарас» тақырыбында семинар өтті. Семинар Жергілікті кәсіподақтың Жамбыл аудандық филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілеріне арналды. Семинарға барлығы 35 ұйым жетекшісі қатысты.
Алғашқы болып сөз алған Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков тыңдаушыларға семинардың нәтижелі болуы тек модераторларға ғана қатысты емес екендігін, кәсіподақтық семинарларда қолайсыз сұрақтар болмайтындығын ескертіп, іс-шараға белсенді қатысуға шақырды.
- Кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқығын қорғау, еңбек жағдайын жақсарту, еңбек қауіпсіздігіне қоғамдық бақылау кәсіподақтың негізгі жұмыс бағыттары. Алайда, бүгінгі кәсіподақтардың дені сауықтырумен, мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырумен шектеліп жатады. Біздің кәсіподақ әлеуметтік әріптестік арқылы, оның ішінде заңда белгіленгеннен де артық нормаларды ұжымдық шартпен қабылдау, оның орындалуын бақылау, заңсыз қысқартулар мен жұмыстан босатудың алдын алу, лайықты жалақы төлеу, еңбек ұжымдарында дау-дамайларды болдырмауға басымдық береді. Ал осындай оқулар арқылы әр кәсіподақ мүшесіне жетуге тырысамыз, - деді Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков.
Жергілікті кәсіподақтың Құқықтық қызмет жетекшісі Әлия Джолшибекова ұжымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін негізгі құрал – Ұжымдық шарттың артықшылықтарына тоқталса, Жамбыл ауданы бойынша құқықтық еңбек инспекторы Ғазиз Оспанов білім мекемелері мен ұйымдарында еңбек заңдылығының сақталуын бақылауда жиі кездесетін заңбұзушылықтар туралы айтты. Күн тәртібіндегі келесі тақырып – «Кәсіподақтағы ақпараттық саясат туралы» «Еңбекші» газетінің бас редакторы Бейбіт Бекназаров әңгімеледі.
Семинар туралы Амангелді орта мектебінің БКҰ төрағасы Мұхтар Жакипов «Бүгін әлеуметтік әріптестермен ұжымдық шарт аясында іскерлік қарым-қатынас орнатуды үйрендім. Семинар әдістемесіне практикалық тәсілдер қосса тамаша болар ма еді. Облыстық кәсіподақ ұйымына толағай табыстар тілеймін!» десе, «Айгөлек» бала-бақшасының БКҰ жетекшісі Айжанар Махамбет «Еңбек қауіпсіздігі туралы, ұжымдық шарттың мазмұны туралы жақсы мәлімет алдым. Барлығын да ұжымдастарыммен бөлісетін боламын. Алдағы уақытта еңбек демалысының ақшасын есептеуді меңгерсек дейміз. Барлық модераторларға үлкен рахмет, еңбектеріңіз жана берсін!» деп тілек білдірді.
Семинар соңы еңбек және салалық заңнаманы қолданудың бірқатар сұрақтарына арналған сұрақ-жауап сағатына арналса, қорытындысында барлық қатысушыларға семинарға қатысқандығы туралы сертификат табыс етілді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-