ҮЗДІК КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫСЫ - 2024
Кәсіподақтардың негізгі міндеті – еңбеккер мен жұмыс берушілер арасында туындайтын мәселелерді дер кезінде шешу, ал ол үшін кәсіпорындардың кәсіподақ ұйымдары барлық тараптармен тығыз ынтымақтастықта болуға тиіс. Қоғамда болып жатқан өзгерістерден шет қалмай, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқығын қорғауда еліміздегі заңдарға сәйкес әлеуметтік әріптестіктің үлгісін көрсетіп, ұстаз игілігіне өз күш жігерін жұмсап жүрген қоғамдық ұйым - ол бастауыш кәсіподақ ұйымы. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін жандандыру, кәсіподақ ықпалының айтарлықтай өсуіне ықпал ететін жұмыс деңгейін арттыру, кәсіподақ ұйымдарының тәжірибесін жинақтау, кәсіподақ ұйымдарын және олардың беделін нығайту мақсатында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы «Үздік кәсіподақ көшбасшысы - 2024» облыстық байқауы өткізді.
Шарада “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова еңбек адамы әрқашан құрметке бөленуге лайықты екенін айтып, қоғам игілігі жолында абыройлы қызмет етіп жүрген барша әріптестерге алғысын білдірді.
Байқауға аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысып, парасатты білім мен зияткерлік, ораторлық шеберлік пен еңбек заңдылығы бойынша білімдерін сынады. «Үздік кәсіподақ көшбасшысы – 2024» байқауында бақ сынағандар ұжымда атқарып жатқан кәсіподақ жұмысын жандандырудағы тың идеяларымен қатар, еңбек заңы мен ситуациялық сұрақтарға жауап берді.
Қазылар алқасы ең алдымен қатысушылардың видеоликтерін бағалады. Бейнесюжет әзірлеуде қатысушылар өздері төрағалық ететін бастауыш ұйымдарының жұмысын, ұжым жетістіктеріндегі өзінің жеке үлесін, кәсіподақ мүшелігімен қамтылу мен әлеуметтік әріптестіктің үлгісін көрсетуге басымдық берген. Сонымен бірге, қазылар алқасы кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру бағдарламасының болуы мен фото, видео материалдардың қоса берілуін назардан тыс қалдырмады.
«Мен кәсіподақтың үздік көшбасшысымын» кезеңінде қатысушылар заманауи техникалық құралдарды пайдалана отырып, қатысушы мен бастауыш ұйымын таныстырды. Енді бірі презентация арқылы өздерінің жеткен жетістіктері мен көшбасшылық қабілеттерін, өзі жетекшілік ететін бастауыш кәсіподақ ұйымының озық жұмысын көрсете білді. Ал, «Менің көзқарасым» тақырыбындағы ситуациялық сұрақтарға жауап беру бөлімінде қатысушылардың өз кәсіби қызметін жүзеге асыруға қажетті ҚР заңнамалары мен кәсіподақтың жарғылық құжаттарын меңгеру, осы тәжірибені ұжымдағы дау-дамайлы жағдайларды шешуде пайдалана білу тәжірибесі анықталды.
Байқаудың «Менің әлемім» атты соңғы бөлімінде қатысушылардың бірі шығармашылық өнерін ортаға салса, екіншісі қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынып, үшіншісі өз қолдарымен арнайы жасаған бұйымдарын көрсетті.
Қазылар алқасының әділ шешімі бойынша Хромтау ауданы, №1 Хромтау орта мектебінің орыс сыныбындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Салтанат Оразбаева Бас жүлдені иеленіп, кубок пен 200 000 теңгелік сертификатты қанжығасына байлады.
Ал І орынды иеленген Алға ауданы, Бестамақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлшарат Бекетаева ұйымдастырушылар тағайындаған 150 000 теңгелік сертификатқа ие болып, қошеметке бөленді.
Жеңімпаздар қатарынан табылған Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қалалық №4 жалпы білім беретін орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Қуаныш Құрмашева мен Ырғыз ауданы, Өнер мектебінің домбыра класының мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Динагүл Ермахан ІІ орынды иеленіп, 100 000 теңгелік сертификатпен марапатталды.
Ал, Шалқар ауданының Қорғантұз жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Сейл Үмбеталин, Мәртөк ауданы, Қамбар Медетов атындағы балалар өнер мектебінің дәстүрлі ән класының оқытушысы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бақытгүл Қуандық және Темір ауданының Шұбарши мектеп-бөбекжай балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Айнагүл Мамырова үшінші орынды өзара бөлісіп, 70 000 теңгелік сертификатқа ие болды.
Одан бөлек барлық қатысушыларға 40 000 теңгелік қаржылай марапаттар тапсырылды. Сондай-ақ, білім және ғылым саласында табысты еңбек етіп жүрген байқау қатысушылары облыстық кәсіподақ ұйымының тарапынан Ташкент-Самарқанд қалаларына тарихи-танымдық саяхатқа мүмкіндік алды.
Айта кетейік, облыстық байқау Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының жүз жылдығы мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Лайықты еңбек жылы» аясында ұйымдастырылды.
-
Фото
-