БАСТАУЫШ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМДАРЫ ТӨРАҒАЛАРЫНА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
Жуырда Кәсіподақ үйінде облыстық бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларына арналған семинар өтті. Кездесуді «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы қысқаша кіріспе сөз сөйлеп ашты.
Төраға өз сөзінде ұйым мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын сақтау жолында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Семинардың барысында салалық ұйымның заңгері Юлия Айбосынова «Келісу комиссияларының қызметін ұйымдастыру туралы» баяндама жасап, кәсіподақ көшбасшыларына еңбек дауларын сот алдында шешудегі келісу комиссиясының рөліне тоқталды.
Аталған Комиссияға өтініш түскен жағдайда облыстық салалық кәсіподақ ұйымы тарапынан комиссияға сайланған мүшелеріне олардың ұстанымы, арызды шешу жолдарына қосымша көмек көрсетілетіндігі де әріптестер қаперіне берілді.
Келісу комиссияларын құру, комиссия қарайтын еңбек қатынастарына байланысты даулардың түрлерін, өтініштерді қабылдау тәртібі, шешім шығару, хаттамаларды толтыру және басқа да заңдылықтар слайд арқылы кеңінен түсіндірілді. Жиын барысында қатысушылар тарапынан болған ұсыныстар тыңдалып, толғандырған сұрақтарға жауап берілді.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ баспасөз қызметі
-
Фото
-