АҚТӨБЕДЕ АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы Атқару комитетінің кезекті отырысын өткізді. Онлайн форматта өткен Атқару комитетінің отырысына кәсіподақ төрағасы Раушан Серікова, аппарат мүшелері мен атқару комитетінің мүшелері қатысты. Күн тәртібінде бірнеше сұрақ талқыланды.
Алдымен кәсіподақ өкілдері Айжарық Серімбетов пен Сандуғаш Дүйсенбаева аумақтық кәсіподақ мүшелерінің 2024 жылдың демалысын ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі жұмыс қорытындысы туралы баяндады.
Айта кетейік, ұстаздар қауымының құқықтары мен мүдделерін қорғаумен қатар, кәсіподақ мүшелерін сауықтыру, әлеуметтік-мәдени және спорттық іс-шаралар өткізу, жұмыс орындарындағы еңбек заңдылығының сақталуын қадағалау, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етудің нақты шаралары да үнемі іске асырылып отырады. Бұл ретте еңбек адамының денсаулығына қамқорлық жасау кәсіподақтың назарынан тыс қалған емес. Ағымдағы жылы да мемлекеттік және кәсіби мерекелерде кәсіподақ мүшелері сый-құрметке кенеліп, марапаттарға ие болды. Сала үздіктеріне кәсіподақ есебінен қаржылай қолдау көрсетіліп, еліміздегі таңдаулы шипажайларында демалуға және тарихи-танымдық саяхатқа жолдама тарту етілді. 2024 жылы облыстық кәсіподақ есебінен 2500-ге жуық кәсіподақ мүшесі емдеу-сауықтыру орталықтарында тынығып, тарихи-танымдық саяхатқа шықты. Бұл облыстық білім кәсіподағының игі дәстүріне айналған қолдауы.
Онлайн форматта өткен жиында Хромтау, Шалқар, Байғанин, Мәртөк аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымдары жетекшілерінің есебі тыңдалды. Кәсіподақ көшбасшылары 2024 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, аудандағы білім беру ұйымдарындағы құқықтық қорғау, қоғамдық бақылау жұмысы, еңбек заңнамасының орындалуы туралы баяндады. Осы бағытта аудандық кәсіподақ ұйымдарында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кәсіподақ заңгерлері Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай қысқаша тоқталып өтті.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова кәсіподақ төрағаларына еңбек қауіпсіздігін сақтау, ұжымдық шарттарда көрсетілген әлеуметтік міндеттердің орындалуына бақылау жүргізу сұрақтарын назарда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар облыстық ұйымның кәсіподақ көшбасшысы аудандық кәсіподақ төрағаларына сын-ескертпелер айтып, бірқатар міндеттерді жүктеді.
Атқару комитетінің отырысында басқа да бірқатар мәселелер қаралды. Атқару комитетінің отырысында қаралған осы және өзге де сұрақтар бойынша Қаулылар қабылданды.
Ақтөбе облыстық ұйымы
-
Фото
-