АҚТӨБЕДЕ БАСТАУЫШ СЫНЫПТЫҢ ҮЗДІК МҰҒАЛІМДЕРІ АНЫҚТАЛДЫ
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен өткен «Үздік бастауыш сынып мұғалімі - 2024» облыстық байқауының үздіктері анықталды.
Ауыл мектептерінің бастауыш сынып мұғалімдері арасында өткен облыстық байқауға 11 бастауыш сынып мұғалімі қатысты.
Аталмыш байқаудың мақсаты – шығармашыл, талантты, ой-өрісі биік, парасатты өзіндік авторлық жаңашыл идеясы бар, кәсіби тұрғыдан жан-жақты дамыған мұғалім мәртебесін көтеретін ерекше тұлғаны анықтау болды.
Қатысушылар “Ұстаз жетістігі” және “Үздік сабақ моделі” тақырыбында сабақ жоспарларын кәсіби шеберлікпен қорғап, педагогикалық жағдаяттар бойынша жеке көзқарастарын білдірді.
Қорытынды кезеңнің ақтық нәтижесіне сәйкес бірінші дәрежелі дипломды Темір ауданы Шұбарқұдық гимназиясының мұғалімі Қарлығаш Нүркебаева иеленіп, облыстық кәсіподақ ұйымының Ташкент-Самарқанд қалаларына тарихи-танымдық саяхатқа жолдамасын алды.
Жүлделі екінші орын Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің мұғалімі Толғанай Бекова мен Шалқар ауданының №1 мектеп-гимназиясының мұғалімі Шынар Қаныбековаға бұйырды. Ал үшінші орынға №4 Алға орта мектебінің мұғалімі Амангүл Отаралина мен Бадамша мектеп-балабақшасының мұғалімі Бекзада Калиф ие болды. Екінші және үшінші орын жеңімпаздарына облыстық кәсіподақ ұйымының Бурабай өңіріне тарихи-танымдық саяхатқа жолдамасы табысталды.
«Ізденімпаз мұғалім» аталымы Ырғыз ауданының Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің мұғалімі Индира Аймағамбетова мен «Шығармашыл ұстаз» аталымы Қандыағаш қалалық №3 мектеп гимназиясының мұғалімі Арайлым Бекпановаға берілді. «Ізденімпаз мұғалім», «Шығармашыл ұстаз» аталымының иелері мен байқауға қатысушы төрт ұстазға облыстық кәсіподақ ұйымының ақшалай сертификаты табыс етілді.
-
Фото
-