ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КЕЛІСУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ОҚЫТУ СЕМИНАРЛАРЫ ӨТТІ
17-19 желтоқсан күндері Түркістан облысында «Еңбек даулары: туындау себептері және келісу комиссияларында шешу тәртібі» тақырыбында білім беру ұйымдарындағы келісу комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинарлары ұйымдастырылды.
Салалық кәсіподақтың Түркістан облыстық ұйымының бастамасымен өткізілген семинар жұмыстарын Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының құқықтық жұмыс, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Р.Қыдырбаева мен бас маман Г.Бралина жүргізді.
Семинарлардың басты мақсаты:
* Еңбек дауларының туындау себептерін талқылау және оларды бейбіт жолмен шешу әдістерін меңгерту;
* Еңбек заңнамасының негізгі қағидаларын түсіндіру;
* Қатысушылардың келіссөз жүргізу қабілеттерін және кәсіби біліктіліктерін арттыру.
Үш күнге созылған оқыту семинарлары, 17 желтоқсанда - Сайрам ауданындағы №3 орта мектеп, Шымкент қаласы, Менделеев атындағы 15 мектеп-лицейде;
18 желтоқсанда - Кентау қаласы, Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектеп-гимназиясы, Сауран ауданы, №3 жалпы білім беретін мектепте,
19 желтоқсанда - Түркістан қаласы, №32 жалпы білім беретін мектепте, Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінде өткізілді.
Өңірде 650- астам келісу комиссиясының мүшесі кәсіби оқытудан өтті.
Семинарлар барысында қатысушыларға:
* ҚР Еңбек кодексінің негізгі ережелері, еңбек дауларының шешілу тәртібі мен тараптардың құқықтары мен міндеттері түсіндірілді;
* Практикалық тапсырмалар мен нақты жағдайларды талдау арқылы тәжірибелік дағдыларды жетілдіру мүмкіндігі ұсынылды;
* Тараптардың келісімге келу дағдыларын дамытуға арналған оқыту әдістемелері қолданылды.
Келісу комиссиясының мүшелері семинарларға белсене қатысып, кәсіподақ жұмысына үлкен қызығушылық танытты.
Семинар соңында қатысушыларға келісу комиссиясының мүшесі ретінде жұмыс істеу құқығын растайтын арнайы сертификаттар табысталды. Бұл сертификаттар еңбек дауларын шешуде кәсіби маман ретінде қызмет атқаруға мүмкіндік береді.
Түркістан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының жүйелі жұмысы білім саласындағы еңбек қатынастарын реттеу мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп, еңбек ұжымдарында келісім мен тұрақтылықты нығайтуға бағытталуда.
-
Фото
-