БАЙЗАҚ АУДАНДЫҚ КОМИТЕТІНІҢ ІІ ПЛЕНУМЫ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбековтың қатысуымен Кәсіподақтың Байзақ аудандық комитетінің ІІ Пленумы өтті. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста пайдалануға берілген алғашқы білім ошағының мәжіліс залында өткен алқалы жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев пен аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Елнұрбек Ермеков 2024 жылы атқарылған іс-шаралар жайында баяндап, алдағы міндеттерге тоқталды.
Білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев өз жетекшілік етіп отырған білім саласын қаржыландыру жыл сайын артып отырғанын жеткізіп, 2024 жылы ол 28 188 271,0 мың теңгені құрағанын айтты. Нәтижесінде 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту - 93% құраған. Ал 2024-2025 оқу жылының 3 тоқсанында аудан мектептерінде 22 207 оқушы білім алып жүрсе, оларға 2892 педагог білім беруде.
Ал өз жұмысын сала Кәсіподағының ХV съезі мен Жергілікті кәсіподақтың ХV Конференциясының шешімдерін жүзеге асыруға негіздеген аудандық комитет былтыр 1 Пленум, Атқару комитетінің 6 мәжілісін өткізіп, аудандағы 78 бастауыш ұйымға біріккен 5717 сала қызметкері-кәсіподақ мүшесінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағыттаған.
- 2024 жылы Әлеуметтік әріптестік комиссиясының 2 отырысы, Жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі Келісу комиссиясының 1 отырысы өтті. Аудандық комитетке кәсіподақ мүшелерінен 117 жазбаша өтініш түсіп, жеке қабылдауда 96 адам болды. 5 оқу семинары ұйымдастырылды. 2024 жылы 610 сала қызметкері-кәсіподақ мүшесі мен олардың отбасы өкілдері, ол барлық кәсіподақ мүшелерінің 11% сауықтырумен қамтылды. Алда қабылданған Ұжымдық шарт талаптарын ұтымды жүзеге асыру, жұмысты жетілдіріп, қызметкерлерді әлеуметтік қолдау сынды шаралар күтіп тұр, - деді Елнұрбек Ермеков өз сөзінде.
Пленумда жарыссөзге шыққан Сарыкемер мектеп-гимназиясының БКҰ төрағасы Анара Беспаева бала тәрбиесіне ең алдымен ата-аналар жауапты екенін айтып, бала тәрбиесіне қатысты қиындықтар орын алғанда бірден ұстаздар мен білім мекемелерінің басшыларын кінәлауды тоқтату керектігін алға тартты. Ал құқықтық еңбек инспекторы Ләззат Айтқұлова сала өкілдері арасында үлкен сұрақ тудырып қана қоймай, қызметкерлердің атқарған еңбегі үшін өзіне тиесілі айлық жалақы алу құқығының шектелуіне әкеп соққан бірыңғай цифрлық есепке алу пилоттық жобасын сынға алды.
- Пилоттық жоба іске қосылғалы бірқатар мұғалімдер тиесілі айлық жалақыларына қол жеткізе алмауда. Себебі, пилоттық жоба аясында іске қосылған цифрлық жүйе педагог қызметкерлерге белгіленген оқу жүктемесінен артық жүктеме қойылған жағдайда және қосымша жүктемелер цифрлық жүйеде белгіленген шекті саннан асқан кезде, жүктемелер есептелмей нәтижесінде педагог қызметкер өздерінің нақты жұмыс атқарған уақыттары үшін еңбек ақысын ала алмауда. Яғни, адами факторлар цифрлық жүйемен ескерілмеуде. Цифрлық жүйені бақылау, өзгеріс енгізу облыстық білім басқармасының құзырында. Осыған орай, аталған мәселені шешу үшін көмек беруіңізді сұраймын, - деді Ләззат Айтқұлова.
Пленум барысында бұдан бөлек Жергілікті кәсіподақтың Байзақ аудандық комитетінің 2025 жылға арналған кіріс-шығыс сметасы бекітіліп, Пленум құрамына өзгертулер мен толықтырулар енгізу және жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымын құру сұрақтары қаралды.
Жиынды қорытындылаған Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков аудандық комитет жұмысын «қанағаттанаралық» деп бағалап, алдағы міндеттерге тоқталды.
- Президент Жарлығына сәйкес биыл жұмысшы мамандықтар жылы. Білім беру саласының күнделікті қызметі мен тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін педагог емес, саланың жүйелі, нәтижелі жұмыстарын жүзеге асыратын өзге санаттағы қызметкерлер, тиісті мамандар бар. Жыл аясында осы санаттағы қызметкерлердің табысын арттыру, еңбегін насихаттау мен бағалау бағытында бірқатар іс-шаралар сапалы жалғасын табуы тиіс. Мұнан бөлек биыл Қазақстандағы кәсіподақтар қозғалысына 120 жыл, кәсіподақтар Федерациясының құрылғанына 35 жыл толуына орай ауқымды шаралар өткізу жоспарланған. Осы арқылы біз адал еңбек пен еңбек адамының құқығын қорғаумен, мүдделерінің мәнін айқындаумен ерекшеленуіміз тиіс. Басты мақсатымыз – еңбек адамына деген құрмет, одақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделеріне өкілеттік етіп, лайықты қорғау болып қала береді, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Іс-шара соңында «Еңбекші» кәсіподақтық салалық газетіне үздік жазылым ұйымдастырған ұжымдар, «Үздік педагог - 2024» аудандық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, аудандық рейтинг қорытындысы бойынша үздік мекемелер мен ұйымдар, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым
және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-