ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ АУДАНДЫҚ КОМИТЕТІНІҢ ІІ ПЛЕНУМЫ
Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектебінде Жергілікті кәсіподақтың аудандық комитетінің ІІ Пленумы өтті. Алқалы жиынды аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Айнұр Баймұратова ашып, жүргізіп отырды. Пленумда негізгі сұрақ ретінде аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымы арасында 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Ұжымдық шарттың орындалу барысы қаралды.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбек Сванов есепті баяндамасында жетістіктер мен ұжымдық шарт арқылы шешімін тапқан мәселелерге тоқталып, бірқатар ескертулер жасады.
- Әлеуметтік әріптестік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің әлеуметтік еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау, оңтайлы еңбек жағдайларын жасауды міндеттейді. Осы ретте, іс жүргізушілерге биылдан бастап 50% мөлшерде қосымша ақы, кітапхана меңгерушілері мен кітапханашыларға, архивариуске 30% мөлшерде ынталандыру үстеме ақылары төленеді.
Басты мақсат - сапалы білім беру, ол үшін педагогтардың кәсіби біліктілігін арттырудың маңызы зор. Былтыр бұл тұрғыда 628 мұғалім әр деңгейде білімін жетілдіру курсынан өтті. Алайда әр 3 жыл сайын өз пәні мен қызметі бойынша міндетті кәсіби біліктілігін арттыру шараларынан тыс қалған педагогтардың ішінара кездесуі мекеме басшыларының сапалық құрамды көтеруде тиісті жұмыс істемейтінін көрсетеді, - деді ауданның бас ұстазы.
Өз есепті баяндамасында аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Айнұр Баймұратова кәсіподақтың негізгі жарғылық міндеті – сала өкілдерін құқықтық қорғау ісіне басымдық берілгенін, ұжымдық шарттың орындалуы еңбек қатынастарын реттеуде, еңбек ақы төлеуде, демалыс уақыты мен әлеуметтік мәселелерді шешуде оң сипатта болғанымен, бірқатар міндеттер орындалмай жатқанын тілге тиек етті.
- Ұжымдық шарттың еңбекті қорғау жөніндегі бөлімі орындалмауда. Қаражат тек дәрігерлік тексеруден өткізу, бекітілген нормадан төмен сабын, яғни тазалаушы және залалсыздандыру заттарын бөлуге ғана жетеді. Білім ұйымдарындағы кіші қызметкерлер, электриктер, слесарьлар арнайы киіммен және құралдармен қамтамасыз етілмей қалады. Білім беру мекемелерінің қазіргі материалдық-техникалық жағдайы өте төмен. Ғимараттары ескі, күрделі жөндеуден өтпеген, инвентарь жаңаланбаған. Тағы бір маңызды мәселе, мемлекеттік тапсырысты орындайтын мектепке дейінгі жекеменшік балабақшалардың педагогикалық қызметкерлерінің білімін жетілдіру курстары мен біліктіліктерін арттыру мүмкіндіктері қарастырылмағандығы, - деді Айнұр Манатбекқызы.
Жиын барысында жарыссөзге шыққан кеңес мүшелері де өз саласына қатысты бағытқа пікір білдіріп, ұсыныстар білдірді. Мәселен, Б.Момышұлы атындағы орта мектеп директоры Мақсат Исабаев жас мекеме басшылары үшін жылына 2 рет оқыту семинарларын өткізу, мекеме директорлығына резервте тұрған педагогтер үшін арнайы платформалар немесе курстар ұйымдастыру қажеттігін көтерсе, А.Байтұрсынов орта мектебінің кітапхана меңгерушісі Айткүл Утемисова Ұжымдық шарт талаптарына сәйкес 35 пайыз үстеме төленіп отырғаны үшін барша кітапханашылар атынан алғыс білдіріп, білім ұйымдарында қызмет істейтін кітапханашыларға «педагог» статусы берілсе деген ұсыныс айтты. Ал Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің БКҚ төрағасы Мәулен Қыпшақбай конкурстық комиссияның мүшесі ретінде бос тұрған лауазымға жоғары оқу орнын бітіріп келген жас маманның конкурс талаптарына сәйкес байқаудан өте алмайтыны толғандыратынын айтып, Ереженің осы тұсын тиісті органдарға жеткізуді сұрады.
Жарыссөз тоқтатылған соң келесі сұрақ - аудандық кәсіподақ комитетінің 2025 жылға арналған қаржылық кіріс-шығын сметасы бекітіліп, Пленумның құрамынан объективті себеппен шығып қалған мүшелердің орнына өзге азаматтар сайланды. Мұнан кейін түскен ұсыныстар ескеріле отырып арнайы Қаулы қабылданды.
Жиынды қорытындылаған Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков «Өте жақсы ұйымдастырылған, мазмұнды, шынайы әлеуметтік әріптестік деңгейі жоғары алқалы жиын. Ауыз толтырып айтатын жетістік те, шешімін күтіп тұрған шаруа да, орындалмай жатқан түйткіл де, шынайы алғыс пен қолдау да жария жеткізілген іс-шара болды» дей келе атқарылған жұмыстарды «қанағаттанарлық» деп бағалады.
Мазмұнды іс-шара соңы 2024 жылы жемісті еңбек етіп, кәсіподақ ұйымының имиджін қалыптастыруға өз үлестерін қосқан, сонымен қатар, кәсіподақтық «Еңбекші» газетінің үздік оқырманы атанған және мерейжасқа толған кәсіподақ мүшелерін марапаттау рәсіміне ұласты.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-