
КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНІҢ МҮДДЕСІ – БАСТЫ НАЗАРДА
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Талас аудандық комитетінің ІІ Пленумы өтті. Қаратау қаласында өткен жиында кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік тұрмыс сапасын арттыру, аудандық кәсіподақ ұйымының өз мүшелерінің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту жұмысы қаралды.
Әлеуметтік әріптестік туралы 2024-2026 жылдарға арналған аудандық ұжымдық шарттың орындалу барысы туралы аудандық комитет төрағасы есепті баяндама жасады. Әділ Смағұлов өз баяндамасында алдыңғы 2023 жылы ұйым қатары 215 адамен толықса, өткен 2024 жылы 322 кәсіподақ мүшесінің есептіліктен шығып, кәсіподақ мүшелері қатарының сиреуіне алаңдаушылық білдірді.
- Азаюдың себебі – ауылды жерлерден көшіп-қонушылар санының артуы, сәйкесінше, оқушы және маман тапшылығы бар. Сонымен қатар, былтыр білім мекемесіндегі от жағушылардың 117 штат бірлігі қысқартылды. Бүгінде 2024-2026 жылдарға жасалған Ұжымдық шартқа өзгертулер мен толықтырулар енгізу нәтижесінде кітапханашыларға 30%, есеп бөлімінің мамандарына 30% және іс-жүргізуші мен хатшыларға 50 пайыздан кем емес мөлшерде қосымша ақы қосуға қол жеткіздік. Ұжымдық шарттағы үлкен жетістіктің бірі - қызметтік бөлме тазалаушылар мен аула сыпырушылар, ғимарат жөндеушілер үшін - еңбек демалысына шыққанда бір лауазымдық жалақы көлемінде емделу жәрдемақысын алу құқығы, еңбек демалыстарының негізгі ұзақтығын 30 күннен кем емес етіп, зиянды жұмыс үшін - қосымша ақылы 6 күн қосымша берілуіне қол жеткізгенімізді айта кету керек. Ал іс-жүргізуші мен хатшы мамандары көзделмеген мекемелерде осы жұмысты қоса алып жүрген қызметкерлерге БЛЖ-дан 100% көлемінде қосымша ақы төленуде, - деді Әділ Смағұлов.
Жиында жарыссөзге шыққан мектеп-лицей директоры Запира Алпысбаева «Осыған дейінгі және 2024-2026 жылдарға жасалған Ұжымдық шарт білім беру ұйымдарының басшыларына еңбек заңдылығын сақтау, жалақы төлеу, жұмыс және демалыс кестелері, педагог қызметкерлердің жүктемелері мен біліктілігін арттыру мәселелері жөніндегі бірден-бір көмекші құжатқа айналып отыр» деген бағасын берсе, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің БКҰ төрағасы Эльмира Оразбаева аудандық комитеттің мәдени-бұқаралық, спорттық, сауықтыру іс-шараларын өткізу, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау, кәсіподақ белсенділерін оқыту жұмыстарына тоқталды. Ал Талас ауданы бойынша құқықтық еңбек инспекторы Жасұлан Салқынбеков әлеуметтік әріптестік аясында білім мекемелері мен ұйымдарындағы еңбек заңдылығының сақталуына бақылау нәтижелерімен таныстырды.
Жиында Пленум мүшелері өздеріне берілген құқық бойынша орган құрамы мен Жергілікті кәсіподақтың облыстық Пленум құрамындағы кейбір өкілдерді кері шақырып, орнына өзге сала қызметкерлерін жолдады. Жиын барысында талқыланып, ұсыныстар ескеріле отыра аудандық ұйымның 2025 жылға арналған кіріс және шығын сметасы бекітілді, арнайы Қаулы қабылданды.
Жиынды қорытындылаған Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков: «Бүгінде кәсіподақ мүшесі болу әр сала қызметкерінің қалауы болып, мақтаныш сезімін тудыруы тиіс. Кәсіподақ мүшесі болуға материалдық қолдау мен құқықтық қорғау кепілдік беріп, әр сала қызметкерінің азаматтық ұстанымына айналуы тиіс. Біз осы бағытта жұмыс істеуіміз қажет» дей келе Филиал жұмысына «қанағаттанарлық» деп баға берді.
Пленум соңында білім саласында және кәсіподақ қатарында сіңірген көпжылдық адал еңбектері үшін ҚР Кәсіподақтар Федерациясының, Салалық кәсіподақтың республикалық ұйымы мен облыстық кәсіподақтар орталығының және Жергілікті кәсіподақ ұйымының марапаттарымен бірқатар сала қызметкері марапатталса, бірнеше бастауыш ұйым жетекшілері тегін сауықтыру сертификатына ие болды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-