
ХРОМТАУ АУДАНЫНЫҢ КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫСЫ ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП БЕРДІ
Ақтөбе облысында Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының есеп беру жиыны өтті.
Шараға аудандық «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі маманы Нұрлан Жетпісбай, білім бөлімінің басшысы Шерхан Отаров, әлеуметтік әріптестер мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары қатысты.
Басқосуда «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі маманы Нұрлан Жетпісбай Ақтөбе облысының білім басқармасы мен облыстық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының арасында 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісім, салалық кәсіподақ қозғалысының алдындағы міндеттер мен мәселелер, педагог мәртебесі туралы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Кездесуде облыстық ұйымның заңгері еңбек заңнамасының қолданылу ерекшеліктері мен кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңестер берді.
Есепті жиында 46 бастауыш ұйымға біріккен 2361 кәсіподақ мүшесінің мүдделеріне өкілдік етіп, әлеуметтік әріптестік аясында 2024-2026 жылдарға арналған ұжымдық шарт шеңберінде қызмет көрсететін Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының есебін төраға Гүлжан Ақанова баяндады.
Хромтау аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы өткен жылы жоспарға сай жүйелі, ауқымды жұмыс жүргізді. Білім қызметкерлерінің құқығын қорғау кәсіподақ ұйымының басты назарында болды. Еңбек қатынастарын реттеп қана қоймай, әрдайым ұстаздарды ынталандырып, мемлекеттік және кәсіби мерекелер қарсаңында сала үздіктерін алғыс хаттармен марапаттап, қаржылай сертификаттар, бағалы сыйлықтар ұсынып отырады. Өткен жылы ауданның 200-ге жуық педагогі мен кіші қызметкерлеріне емдеу-сауықтыру шипажайларына жолдама, 162 кәсіподақ мүшесіне қайырымдылық көмек пен 88 білім қызметкеріне заңгерлік кеңестер берілді. Сонымен қатар басқа да жүйелі жұмыстар атқарылды.
Есепті баяндама жасаған аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлжан Ақанова ұжымдық шарт арқылы аймақта педагогтердің аттестациядан өтуі, оқу жүктемесі мен еңбек және демалыс режимін рәсімдеу, білім беру ұйымдарын оңтайландыру, дәрігерлік тексеруден тегін өту, қосымша еңбек демалыстарының берілуі, еңбек қорғау мен қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз ету сынды кепілдіктер келісіліп, төленіп жатқанын айтты.
Жиын соңында кәсіподақ төрағасы Гүлжан Ақанова алға қойған мақсаттарын айқындап, жоспарларымен бөлісті. Есеп беру жиынының қорытындысында сала үздіктеріне бірқатар марапаттар табысталды. №6 Хромтау гимназиясының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Сәмиға Абдуллина Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Сондай-ақ білім саласына өлшеусіз үлес қосқан үздік ұстаздарға аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының бірлескен алғыс хаттары мен сыйақылары, шипажайларға және Оңтүстік өңірге тарихи-танымдық саяхатқа жолдамалар табысталды.
-
Фото
-