
ДИРЕКТОРЛАР МЕН ІС ЖҮРГІЗУШІЛЕРГЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы «Қаратал орта мектебі» КММ базасында мектеп директорлары мен іс жүргізушілері үшін «Еңбекті қорғау міндеті мен техникалық қауіпсіздігі. Іс-қағаздар жүргізу. Мемлекеттік қызмет көрсету» атты семинар ұйымдастырды.
Семинар өзінің маңыздылығымен ерекшеленді, әртүрлі мәселелер, еңбек қорғаудың негізгі принциптері мен техникалық қауіпсіздік талаптары кеңінен талқыланды. Жиын барысында қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, тиімді әдістер мен жаңалықтарды анықтады.
Сондай-ақ, іс қағаздарын дұрыс жүргізудің мәні, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы жаңашылдықтар да назардан тыс қалмады. Мамандар мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру және халықтың сұранысына сай бағыттарын көрсету мақсатында бірнеше қызықты іс-тәжірибелерді ұсынды.
Семинарда қатысушылар арасында пікір алмасу жүріп, әрбір мектеп үшін еңбек қауіпсіздігі мен тиімді басқару жүйесінің негіздері айқындалды. Бұл шара мектептерде еңбек жағдайларын жақсарту мен оқу процесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам болды.
Шара сонында көп жылдар бойы еңбек еткен, зейнеткерлікке шыққан ұстаздарға, еңбектерін бағалап алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталып құрмет көрсетілді. Ұстаздардың қоғамдағы орны мен маңыздылығы туралы пікірлер, жастарға үлгі боларлық өнегелі сөздер айтылды.
-
Фото
-